Аягөздегі мәселеге қатысты басқарма басшысының лауазымы төмендетілді
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 2019 жылдың 29 тамызында Аягөздегі арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығындағы оқиғаны егжей-тегжейлі зерттеу мақсатында ведомствоаралық комиссия құрылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Тексеру тобының құрамына облыстық прокуратура, тергеу басқармасы және басқармалар мен департаменттерді өкілдері енген.
30-31 тамызда Аягөзге арнайы барған комиссия тексеру жұмыстарын жүргізді.
Орталықтың бұрынғы қызметкерінен түскен арызға сәйкес, яғни тәрбиеленушілердің арасындағы жыныстық іс-әрекеттер фактісі бойынша 3 шілдеде қылмыстық іс қозғалған.
Облыс басшысының орынбасары Ш. Байбековтың айтуынша, сотқа дейінгі тергеу іс-шараларының аясында арызда аты-жөндері аталған 5 бала Семей қаласында сот-медициналық сараптамадан өтті. 6 тамызда берілген қорытынды балалардың бойында қандай да бір дене зақымдарының болмағандығын анықтады. Сонымен қатар 14 жастан асқан балалар сот-психиатриалық сараптамадан өтті, қорытындысы 6 қыркүйекте дайын болады. Ал 14 жасқа толмаған балалардың сот-психолого-психиатриялық сараптамасының нәтижесі 2019 жылдың 13 қыркүйегінде беріледі.
-Тергеу жұмыстары кезеңінде Аягөздегі аталмыш орталықтың директоры уақытша қызметінен шеттетілді. Оқиғаға қатысты облыс басшылығын дер кезінде құлақтандырмағаны, және уақытында жылдам шешім қабылдамағаны үшін салаға жауапты басқарма басшысының лауазымы төмендетілді. Мәселе облыс басшысы Даниал Ахметовтің, прокуратура және құқыққорғау органдарының тікелей бақылауына алынған, деді облыс әкімінің орынбасары.
Қосымша ақпарат тергеу жұмыстары өткізілген соң тағы беріледі.