Өңір полицейлері әкімшілік хаттамаларды арнайы планшеттермен ресімдеуде
Өңір полицейлері жол ережесін бұзу бойынша салынатын айыппұлдарды арнайы планшетпен электронды форматта қабылдауда, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі. Бұл жөнінде ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің ШҚО бойынша басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нәзигүл Сматова ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында хабарлады.
Жол полицейлері жол ережесін бұзу бойынша хаттамаларды арнайы планшеттермен электронды форматта толтыруда.
– Іске асырылып жатқан «Бірыңғай әкімшілік өндіріс реестрі» жобасы аясында елімізде жол ережесін бұзуға байланысты салынатын айыппұлдарды тіркеу және төлеу автоматтандырылуда, - дейді Нәзигүл Маратқызы.
Оның айтуынша, «Бірыңғай әкімшілік өндіріс реестрі» жобасы салынған әкімшілік айыппұлдарды төлеуде бірқатар жеңілдіктер беретін көрінеді. Атап айтсақ, жүргізушілер айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен және жүйеге қосылған 16 ірі банктың бөлімшелері арқылы төлеуга мүмкіндік алады.
- Айыппұл төленген соң ол туралы дерек жүйеде сақталады. Бұл өз кезегінде жүргізушілерді айыппұлдың төленгені туралы түбіртекті мемлекеттік органға апарып көрсетуден босатады, - деп қосты Нәзигүл Сматова.