KZ
Өскемен
-10°
переменная облачность Штиль
498.34 519.72 4.85

"Көгілдір бұғаз" дәретханаға айналып барады

28.08.2019, 10:43 430

Жуықта әлеуметтік желіде «Көгілдір бұғазға» құйылып жатқан кәріз суы жөнінде бейнежазба тарап, елдің қызу талқысына түскен болатын. Ұялы телефонның бейнекамерасына түсірілген бұл көрініс Бұқтырманың «жарнамасын» жасап қана қоймай, жылдар бойы осы мәселеге көз жұмып келген бірнеше жауапты органның оянуына себеп болды.

 

Сол маңдағы саяжай және демалыс орындарының иелері «батпайтын дүниенің» су бетінде қалқып жүргеніне неше жылдан бері куә болып келе жатқандықтарын айтады.

-Осы мәселені көтеріп, дабыл қаққанымызға біраз болды. Бұл маңдағылардың барлығы кәріз суының бұғазға ағып жатқандығын біледі. Тіпті оны кімнің істеп отырғандығынан да хабардар. Құбырлар «Көгілдір бұғаз» демалыс орнына тиесілі. Бір кезде ірі кәсіпорынның демалыс орны болған бұл нысан қазір жеке кәсіпкердің иелігінде. Техникалық талап бойынша демалыс орнының кәрізі арнайы тазарту иммараттарына жөнелтілуі тиіс. Бірақ сол иммараттың құбырлары мен құрылғыларын тот басып, істен шыққалы қай заман,-дейді бұғаз аумағындағы «Аквамарин» демалыс орнының иесі Сергей Акентьев. Кеңестік кезеңде Үлбі металлургиялық зауытының пансионаты болған «Көгілдір бұғаз» демалыс орнында барлығы 370 орынға лайықталған екі қонақ үй мен бір маусымда 600 балаға дейін қабылдайтын «Балақай» сауықтыру лагері орналасқан. Осындай үлкен кешеннің кәріз жүйесі де өткен ғасырдың 80 жылдары салынса керек. Кәріз қалдықтарын тазарту иммараттары демалыс орынан сәл жоғарыда, екі шақырымдай қашықтықта орналасқан.

Имараттың істен шыққандығын жылдар бойы дәлелдеумен келе жатқан Сергей Акентьев оның тазарту қызметін атқаратын әр құрылғысы мен өндірістік алаңдарынан фотоайғақ та жинаған екен. Көптен бері адам аяғы баспағандықтан, шөп басып тұрған имараттың суретін ол кісі алдымызға жайып салды.

Оның айтуынша, осы маңдағы «Мичуринец» саяжайларының иелері де, «Аквамарин» де бұғаздың кәріз суымен ластанып, оны тазартатын имараттың өз функциясын атқарып жатпағындығын айтып, сан мәрте аудандық әкімдік пен экология департаментіне, Ертіс бассейні инспекциясы мен санитарлық эпидемиологиялық станцияға ресми хат жолдаған. Қолындағы «тексерілді, бәрі қалыпты», «бұл біздің құзыретімізге кірмейді» деген сынды жауаптары бар бір бума хатпен біз де таныстық.

Мәселен бейнежазба түсірілген маусым айының ортасында «Аквамарин» демалыс орнының иесі облыстық Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне бұғаздағы судың сапасы мен кәріз жүйесінің жұмысын тексеру жөнінде өтініш жазған екен. Департамент берген ресми жауапта мұндай тексеру жүргізу олардың құзыретіне кірмейтіндігі, сондай-ақ кәріз жүйелері тұрғындарға эпидемиологиялық қауіп төндірмейтіндіктен ерекше тексеруге жатпайтындығы жазылған.
Алайда Сергей Акентьев бұғаз үлкен дәретханаға айналып, экологиялық апаттың аз-ақ алдында тұр дейді.

- Мұндай жауаптан кейін саяжай тұрғындарымен келісіп, бір ұйғарымға келдік. Кәріз суы аққан тұстан су алып, тәуелсіз зертханаға микробиологиялық сараптамаға өзіміз жібердік. Оның нәтижесі адам шошытарлық. Суда ішек таяқшалары қалыпты нормадан 24 есе асып кеткендігі анықталды. Міне қараңыз, суға шомылуға рұқсат етілген жерде оның қалыпты нормасы мыңнан аспауы тиіс. Осыдан кейін оны қауіпсіз деп қалай айтуға болады? - дейді ол қолындағы сараптама нәтижелерін көрсетіп.

Кәріз қалдықтары қайда төгіліп жатыр?

Тұрғындар дабыл қағып жатқан бұл мәселе жөнінде ресми органдар не дейді?

Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов бізге берген ақпаратында желіде тарап, кейіннен бірнеше ақпарат құралында жарық көрген бұл факт бойынша Алтай аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тексеру жүргізгендігі айтылған. Басқарма тарапынан жауап ретінде Серебрянка қалалық полиция бөлімінің тергеушісі лейтенант А.Молдаханованың бұғазды тексеру барысында толтырған хаттамасы жіберілді. Хаттамадағы ақпаратқа сүйенсек, БАҚ-та жарияланған бейнежазбадан кейін «Көгілдір бұғаз» демалыс орнының иесі Күлжиян Оразбаеваның үстінен экологиялық құқық бұзушылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, кәріз суы төгілген аумақты тексеру жұмыстары жүргізілген. Кәріз құбырының расымен су үстімен өтетіндігі, оның бірнеше жерден жамалғандығы анықталды. Алайда тексеру кезінде кұбырдан суға ағып жатқан қалдықтар байқалмады. Су қалыпты, көгілдір түсті делінген хаттамада. Осы хаттама негізінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына, экология департаментіне қоймадағы су құрамы мен ондағы зиянды заттардың мөлшерін анықтау жөнінде ресми сауал жолданған екен.

- Аталған факт бойынша тамыздың сегізі күні департамент мамандары оқиға орнына барып, судағы зиянды заттар мөлшерін анықтау үшін сынама жасады. Сынама судың таза және кәріз құбыры өтетін аумағынан алынды. Зерттеу нәтижелері екі аумақтағы судың құрамында зиянды заттар мөлшері қалыпты нормадан аспайтындығын көрсетті. Ал ішек инфекциясы бар-жоқтығын анықтайтын микробиологиялық зерттеу жасау біздің құзыретімізге кірмейді,-дейді экология департаментінің басшысы Дмитрий Каврыгин.

Департамент басшысының сөзіне сүйенсек, сол күні мамандар тазарту имаратарына да тексеру жүргізген. Нәтижесінде имараттардың тазарту жүргізуге тиіс құрылғылары мен цистерналарының барлығы құрғақ әрі бос болып шықты. Алайда департамент кәріз қалдықтарының су қоймасына төгіліп жатқандығын да жоққа шығарып отыр. Бұл мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалып, арнайы комиссия тексеру жұмыстарын жүрізіп жатыр дейді ол.

Неше жылдан бері шырғалаңнаң шығар жол іздеген кәсіпкер облыс басшысы Даниал Ахметовке де жүгінуге тура келгендігін айтады. Жуықта облыс басшысы бұл туралы өзінің «Инстаграмм» парақшасында да жазған болатын.

«Жуықта “Аквамарин” демалыс кешенінің басшысы Бұқтырманың экологиялық проблемасын көтерді. Экология департаментінің басшысы Дмитрий Каврыгинның айтуынша, қазіргі күні «Көгілдір бұғаз» демалыс орнының әкімшілігі үстінен экологиялық құқық бұзушылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Департамент мамандары тазарту имаратының жұмыс істемейтіндігін анықтаған. Кәріз суының мәселесімен табиғат қорғау прокуратурасы айналысатын болады» делінген ондағы жазбада.

Сондай-ақ облыс басшысы Даниал Ахметовтің араласуымен, «Аквамарин» демалыс орны мен саяжай иелері көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан тағы бір мәселеге нүкте қойды. «Көгілдір бұғаз» демалыс орны жағажайға апарар аумақты қоршап, өзге демалушылардан оған кіру үшін ақы алып отырған. Комиссия аумақтың заңсыз қоршалғандығын анықтап, «Көгілдір бұғаз» демалыс орыны басшылығына оны алып тастау жөнінде нұсқаулық берген. Сондай-ақ сол аумаққа қоғамдық сервитут енгізген болатын.

Бизнеске көз тіккендердің ісі

«Алайда «Көгілдір бұғаз» демалыс орнының басшысы өзіне тағылған айыптардың ешқайсысымен келіспейтіндігін айтады.

Күлжиян Оразбаева «Бұл «Көгілдір бұғазға» көз тігіп отырғандардың ісі» деген пікірде.

- Бізге қарсы ақпараттық соғыс жүргізіліп жатыр. Тазарту имараттары жұмыс істеп тұрған жоқ деген бос сөз. Оның құрылысы сонау кеңестік кезеңде жүргізілген. Ол кездегі құрылыс нысандарының қаншалықты сапалы салынғандығы айтпаса да түсінікті. Жылына мыңдаған адам қабылдауға лайықталып салынған кешеннің тазарту имараты істен шығуы мүмкін емес. Тек қазір ол толық қуатта жұмыс істеп тұрған жоқ. Өйткені кешенді тек жаз маусымында ашамыз. Сондықтан коллекторлар әлі толып үлгермеді. Маусым соңында кәріз қалдықтарының барлығы тазартылып, арнайы батпақты алаңға сіңіріледі. Соншама тонна қалдықты суға ағызу мүмкін емес. Бұл аумақта бірнеше демалыс орны мен саяжайлар орналасқан. Демек суды ластаушы өзге де нысандар бар,-деді Күлжиян Оразбаева бізге берген сұқбатында. Күлжиян Оразбаева «Көгілдір бұғаз» демалыс орны өз аумағын қоршау арқылы жағалауға баратын жолды бөгегендігін, оған бару үшін ақы алғандығын жоққа шығармады. -Кешен аумағында «Балақай» балалар лагері орналасқан. Талап бойынша балалар лагері қоршалуы тиіс. Жағалауға адамдар ақы төлеп өтетін. Бірақ ақы сол аумақты күтіп ұстау, қоқыс шығаруға жұмсалатын. Қоғамдық сервитут жөніндегі шешіммен келіспеймін. Аумақта балалар лагері орналасқандықтан, оған кез келген адамның емін-еркін кіруі балалар және жасөспірімдер туризмінің талаптарына қайшы. Облыс басшысының тікелей араласуымен құрылыған комиссия істің ақ қарасын ажыратады деген ойдамын,-дейді ол. Демалыс орны басшысы қоғамдық сервитут шешімі жөнінде сотқа шағымданбақшы. Соған қарағанда жылдар бойы жалғасып келе жатқан бұл текетірес мұнымен бітпейтін сияқты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу