«Торпедо» Санкт-Петербордағы жарысты жеңіліспен бастады
Өскеменнің «Торпедосы» Санкт-Петерборда өтіп жатқан В.Шилов атындағы турнирді жеңіліспен бастады.
Шымылдықашар ойында жерлестеріміз айдын иелері – «Динамо» хоккейшілеріне жол берді. 2:3 есебімен аяқталған матчта өскемендік команда сапында қорғаушылар Андрей Виноградов пен Илья Антоновский көзге түсті.
Айта кетейік, жыл сайын өткізілетін турнирдің биылғысына алты команда қатысуда. Жерлестерімізден бөлек, бұл жолы В.Шилов кубогы үшін таласқа петерборлық қос ұжым «Динамо» мен «СКА-Нева», сондай-ақ «Металлург» (Новокузнецк), «Химик» (Воскресенск) пен «Югра» (Ханты-Мансийск) командалары түседі.
Бұлардың бесеуі де – Жоғары хоккей лигасында өнер көрсететін ұжымдар, яғни «Торпедоның» алдағы маусымдағы қарсыластары деген сөз. Сол себептен болар, биылғы додаға қатысатын командалар турнирге негізгі құрам ойыншыларын ала келіпті. Бұл жайт соңғы жылдары онысыз да тартысқа толы жарыстың көркін одан сайын қыздыра түсетіні сөзсіз.
Бүгін кешке (басталуы сағат 19:00-де) өскемендік хоккейшілер турнир аясындағы екінші кездесуін өткізеді. Бұл жолы торпедолықтарға «СКА-Нева» ұжымы қарсылас атанбақ.