«Аквамарин» демалыс базасына өту үшін ақы төлеудің қажеті жоқ
Естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын облыс әкімі Даниал Ахметовтың атына арыз түсірген Валентина Акентьева есімді азаматша «Голубой залив» демалыс базасының иесі осы маңда орналасқан «Аквамарин» базасына демалушылардың емін-еркін өтуіне кедергі келтіріп отырғаны жөнінде шағымданған еді. Ол кезде демалыс базасына өтуде 300-ден 500 теңгеге дейінгі мөлшерде ақы алынатыны айтылған. Арыздың қаралуын өз бақылауына алған өңір басшысы мәселені бір ай көлемінде шешуді тапсырған болатын, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Жағалауға демалушылардың емін-еркін жетуін қамтамасыз ету мақсатында Алтай ауданының әкімі бұқаралық сервитут орнату жөнінде қаулы қабылдады. Егер тиесілі жер учаскесіне бұқаралық сервитут орнатылған жер иесі әкімдік қаулысын орындамай, демалушылардың суқойма жағасына жетуіне кедергі келтірсе әкімдік бұқаралық сервитут талаптарын сақтау жөнінде сотқа шағым түсіретін болады, – деді Алтай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сергей Охременко.
Осылайша, бұдан былай демалушылар көл жағасына қаржылай шығынсыз жете алатын болды. Өңір басшысы «Көгілдір бұғаз» демалыс базасы тарапынан қандайда бір негізсіз кедергілердің қайталанбайтынын алға тартты.
Кеңеске қатысқан Валенитна Акентьеваның өкілдері қабылданған шешімнің дұрыс екенін айтып, облыс әкіміне алғыс айтты.