18 миллион теңгеге орнатылған әжетханалар жабық тұр – Семей (ВИДЕО)
Иә, Семейдің қақ ортасындағы қоғамдық әжетхана жабық тұр. Ал оны орнату үшін 9 миллион теңге жұмсалған болатын. Орталық және Әуезов алаңындарына қойылған екі әжетхананың құны - 18 миллион теңге.
Тұрғындар қыруар қаражатқа салынған әжетхананың есігі қашан барсаң жабық тұрады деп шағынуда.
- Әжетхананы 9 миллион теңгеге орнатты. Бірақ жұмыс істемейді. Мәдени-спорттық кешеннің ашылу рәсімін өткіздік. Бірақ ол да жабық тұр. Қалаға маңызды адамдар келгенде сол көзбояушылық үшін есігін ашып, жарығын қосады, - деп күйінді тұрғын Анастасия Кениг.
Мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін қалалық ТҮКШ бөліміне хабарласқан едік. Біріне-бірі сілтеген мамандар ақыры бұл әжетханаға «Семей» Көгалдандыру және көркейту мекемесі жауап береді деп ат-тондарын ала қашты.
- Орталық алаңдағы әжетхананың жұмыс уақыты түскі сағат 11:00-ден кешкі сағат 19:00-ге дейін. Жабық тұруы мүмкін емес, - дейді жауапты маман Ардақ Нұрмұхамедов.
Иә, сонда әжетхананың жұмыс уақыты түскі үзіліссіз есептегенде 9 сағат. Ал кешкі уақытта Орталық алаңға сырғанауға баратын ата-аналар мен балалар әжетханаға кіре алмай жүр.
- Өткенде қызым екеуіміз сырғанаққа барғанбыз. 21:00 шамасында ашық тұрған болар деген үмітпен әжетханаға бардық. Бірақ жабық тұрды. Үйге қайтудан басқа амал болмады, - дейді тұрғын Назерке Кошекова.
Ал енді басты сұрақ, жұмыс уақытын созуға бола ма? Жауапты мекеме не дейді?
- Бізге қалалық ТҮКШ қандай жұмыс кестесін берсе, біз сол кестемен жұмыс істейміз. Бәрібір сағат 19:00-ден кейін бұл жерде ешкім жүрмейді, - дейді Ардақ Нұрмұхамедов.
Алайда тұрғындар бұл пікірмен келіспей отыр. Ендеше бейнежазбаға назар аударайық.
- Бір күнде екі рет бардым. Бірақ екі ретте де жабық жатты, - дейді тұрғын Владимир Александрович.
Қалалық ТҮКШ қызметкерлері болса,
- Әжетхана сыртында тетік бар, оны көпшілігі білмейді. Егер ешкім жоқ болса сол тетікті басу керек, сонда сол жерге жауапты адам келеді, - деп отыр.
Ал семейліктер 18 миллионға салынған әжетханадан ешқандай пайда жоқ деп наразы.