«Кәуәптің иісі тәбетімді ашып жіберді». Семейде кәуәп ұрлаған ер адам қолға түсті
Семейде 56 жастағы ер адам дәмханалардың бірінен кәуәп ұрлап кетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Arnapress.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Орталық полиция бөліміне арыз дәмхана иесінен келіп түскен. Жәбірленушінің айтуынша, ұрлықшы дәмханаға түнгі уақытта түсіп 14 таяқша кәуәп пен 4 «чечел» ірімшігін алып кеткен. Шығын мөлшері - 13 750 теңге.
Жедел іздестіру шаралары барысында бұрын істі болған 56 жастағы қала тұрғыны қолға түсті. Алайда, ол өз қылығын ұрлық деп санамайтын көрінеді.
– Ұрлық жасаймын деген ойым жоқ еді. Алдын ала дайындалған да жоқпын. Тек кәуәптің иісін сезгенде, жегім келіп кетті, – дейді күдікті.
Аталған факті бойынша ұрлықшының үстінен ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.