Қазақстанда ұйымдастырылған челленджге Голливуд жұлдыздары мен әлем чемпиондары қатысуда (ВИДЕО)
Әлеуметтік желіде қазір жаңа челлендж таралып жатыр. Ол Қазақстанда басталып, UFC экс-чемпионы Конор МакГрегор мен Голливуд актері Джейсон Стэйтемге дейін жетіпті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Спорттық челлендждің тапсырмасы – бөтелкенің аузынан бір орнында тұрып, айналып тебу арқылы қақпағын ашу. Басты мақсат – бөтелке орнында қалу керек. Челлендждің бейнежазбалары #bottlecapchallenge хештегімен белгіленуде. Қазір осы хештегпен Instagram желісінде 5000-нан астам видео жарияланып отыр.
26 маусым күні Instagram желісінде қазақстандық спортшы Карен Пашикян видео жариялап, челлендждің ережесін түсіндірді. Ол өзінің бірнеше әріптесін, оның ішінде Джейсон Стэйтем мен Конор МакГрегорды белгіледі.
Бөтелке челенджін алғашқылардың бірі болып таэквондодан әлем чемпионы алматылық спортшы Әл-Фараби Давлетчин қайталады.
Одан челлендж эстафетасын белгілі дизайнер Эрролсон Хью қабылдап, спортшы Макс Хэллоуэйге жолдайды. Хэллоуэйдің видеосы 2 миллион рет көрілген екен. Спортшы эстафетаны музыкант Джон Майерге беріп, ал ол Джейсон Стэйтемге жолдаған. Оның видеосын 17 сағат ішінде 10 миллионнан астам адам қарады.
Акцияға UFC экс-чемпионы Конор МакГрегор қосылып, эстафетаны атақты боксшы Флойд Мэйвезерге жолдады. Боксшы әзірге бұл шақыртуға жауап бермеген екен.