Өскемен әкімдігі: Автокөлік цехы заң бұзып отыр
Қоғамдық көліктердің зейнеткерлер мен балаларға жасалатын жеңілдіктен бас тартуы – заңға қайшы. Бұл туралы Өскемен қалалық әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Естеріңізде болса, кеше «№ 25, 25А, 43, 43А автобустары енді жеңілдік жасамаймыз деп отыр. Яғни 15-ке толмаған бала да, 70-тен асқан қария да сол баяғы – 90 теңгені төлеуі қажет. Автопарктің мұндай шешімге келуіне көптеген себептер түрткі болған екен, сондағы ең басты себеп – әкімдік тарапынан субсидияның берілмеуі. Тасымалдаушылардың айтуынша, шығындардың бір бөлігін әкімдік өтеуі тиіс, бірақ жылдар бойы осы міндеттеме орындалмайтын көрінеді», деп жазған едік.
Кеше осы мәселеге қатысты Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі «ВЭСТ» автокөлік цехына ескертпе жіберді. Ескертуде көрсетілгендей, ҚР Автомобиль көлігі туралы заңына сай, 7-15 жас аралығындағы балаларға жеңілдік міндетті түрде жасалуы керек. Егер 1 шілдеден бастап аталған жеңілдік алынып тастайтын болса, қала әкімдігі келісім бұзылғанын мәлімдейді.
Дәл қазір өзге мекемелермен де келіссөз жүргізілуде.