"Сені білмеймін, өзімді қаппайды". Егер көршіңіз аулада тайыншадай итін жетектеп жүрсе
![](/kz/engine/skins/images/noimage.jpg)
Көптеген адамдар түрлі жануарларды үйде ұстап жатады. Оның көбісі - иттер. Үй жануарларын қоғамдық орындарда серуендетуге тыйым салынғандықтан, оларды арнайы бөлінген орындарда ғана серуендету керек. Бірақ мұндай орындар облыс орталығында да, өңіріміздің басқа қалаларында да өте аз. Сондай-ақ көп жағдайда иелері итін тұмылдырықсыз алып жүреді. Мұндай иттер бөтен адамға ұмтылуы да мүмкін. Бірақ иесі бұған еш шара қолданбай жатады. Осы және басқа да мәселелермен учаскелік инспекторға арыздануыңызға болады. Инспектор шара қолданып, ит иесімен профилактикалық әңгіме жүргізуі тиіс.
Бұл туралы Өскемен қалалық Полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі №11 учаскелік полиция пунктінің жұмыс ұйымдастыруға жауапты қызметкері, полиция майоры Ерікжан Мұхтариев айтып берді.
- Бұл мәселеге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 408-бабы қарастырылған. Егер иесі итті тұмылдырықсыз, қарғыбаусыз алып жүрсе, арнайы белгіленбеген жерде дәретке отырғызса немесе кейбір пәтер иелері мысықты подъезге үйір қылып, ластаса, осы бап бойынша хаттама толтырылып, айппұл салынады.
Бұл жерде тағы бір ескеретін жайт, иттің жеке тұрғын үйдің ауласында бос жүруі заңбұзушылыққа жатпайды. Егер ол шарбақтан тысқары шығып кетіп, өзге адамдарға шабуылдаса ғана заң талаптарының бұзылғаны. Сондай-ақ аула шетін қоршамай, итін бос қоя беретіндер де жауапкершілікке тартылады.
– Бірнеше жыл бұрын бізге бір адам көршісінің иті қауып алғанын айтып шағымданған еді. Біз тексере келе, ол иттің ауладан шықпағанын, ал шағымданған азаматтың өзі келіп көршісінің шарбағынан қолын ішке сұққанын анықтадық. Арызданушыға бұл жерде заңбұзушылықтың жоқ екенін айтқанымызбен ол бізді түсінбеді. Сондықтан біреудің үстінен арызданбас бұрын ол жерде заңбұзушылықтың нақты орнағанына көз жеткізіп алған жөн, – деп қосты сұқбаттасушымыз.