Учаскелік инпектордың құзыретіне не жатады?
Ең алдымен қарапайым полиция қызметкері мен учаскелік инспектордың айырмашылығын анықтап алайық. Тәртіп сақшыларының міндеттері өте көп болғандықтан біз олардың ең басты деген міндеттеріне ғана тоқталайық.
«Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы» Заңына сәйкес, полицияның құзырына адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғау, оқиға туралы өтініштерді немесе хабарламаларды қабылдау, тіркеу және қарау, көмек көрсету, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жүзеге асыру, патрульдеу, құқық бұзушыларды іздеу және құрықтау кіреді. Бұдан бөлек полиция қызметкерлері көшіп-қонушылар мен соттылығы аяқталмаған адамдармен жұмыс істейді. Осыншама ауқымды жұмыстарды атқаратын полицейлердің қызметін жіктеуге тура келетіні белгілі. Осы себепті полицияның бейінді бөлімдері мен құрамдары бар. Ал аталмыш екі бағытты біріктірген учаскелік инспекторлар әмбебап полицейлер болып табылады.
– Учаскелік полицейлердің жұмыстары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы «Учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты учаскелік полиция инспекторларының, учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» №1095 бұйрығымен реттеледі, – дейді Ерікжан Ағзамұлы. – Біз тікелей халықпен жұмыс істейтіндіктен тұрғындар көбінесе түрлі мәселелерін айтып бізге келеді. Жұмысымыз негізінен қылмыстың алдын алуға және профилактикалықжұмыстар жүргізуге бағытталған. Қадағалайтын аумақтағы бұрын сотты болғандарды, шартты түрде сотталғандарды, бұзақылық әрекеттері басым жасөспірімдерді тіркеп, назарға аламыз. Оның үстіне Ішкі істер министрлігі биылғы жылды – профилактика жылы етіп белгілеген соң, басты назар бізге аударылып отыр.
Жоғарыда көрсетілген бұйрыққа сай қалалық елді мекендердегі әр учаскелік инспектордың қадағалауына үш мың адамнан берілсе, ауылдық жерлердегі мұндай қызметкерге тиесілі тұрғындар саны 2500 адам. Осыдан-ақ учаскелік инспекторға артылған жүктің қаншалықты ауыр екенін аңғаруға болады. Кей кездері қызметкер жетіспеушілігі салдарынан олардың жұмыстары еселеніп кететін көрінеді.
Қарапайым полиция қызметкері мен учаскелік инспектор жұмысының жиі қайталанатынын байқау қиын емес. Мазасыз көршілеріңіздің үстінен шағым түсіру үшін кімге жүгінуіңіз керек? Ерікжан Мұхтариев «102» нөміріне қоңырау шалу мен учаскелік инспекторға хабарласудың арасында еш айырмашылықтың жоқ екенін айтады. Ақпарат ішкі байланыс каналдары арқылы тарап, оқиға орнына жедел-тергеу тобымен қатар учаскелік инспектор да келеді.
– Учаскелік инспектордың міндетіне әкімшілік учаскені жоспарлы түрде аралау да жатады. Мұндай кезде біз мәселелі орындарды анықтап, оларды бақылауға аламыз. Үй-үйді аралау кезінде сауалнама беттерін толтырып, мекенжай иелері жайлы ақпарат жинақтаймыз. Құқық бұзушылармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, қажет болған жағдайда бақылауға жататын адамдар тізіміне енгіземіз. Көпшілік кей кездері «102» нөмірінен гөрі бізге тікелей хабарласуды қалап жатады. Өзіміздің келіп қоғам тыныштығын бұзғандармен әңгімелесуімізді сұрайды. Көршісіне жасырын түрде шағымданған азаматтар арыз жазуды қаламай жатады, – деп қосты Ерікжан Ағзамұлы.
Дегенмен, ол заң бойынша арыз жазылып, тіркелмейінше полиция қызметкерінің әрекеті заңсыз болып саналатынын айтады.