Полиция қызметкерлері елді мекендерде радар пайдаланбайтын болды
Патрульдік полицейлер қолмен және мобильді тасымалданатын жылдамдықты өлшейтін құралдарды пайдаланбайтын болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Мұндай ақпарат ҚР ІІМ-нің Әкімшілік полиция комитетінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды.
- Қазіргі уақытта патрульдік полицейлермен елді мекендерде қолмен және мобильді тасымалданатын жылдамдықты өлшеуіш құралдарын пайдаланбау жөнінде Ішкі істер министрі Ерлан Тургумбаев тиісті шешім қабылдады. Бұл "Крис-П" мобильді кешендерге де қатысты, - деп жазылған комитеттің хабарламасында.
Бірақ елді мекендерден тыс қала сыртындағы жолдарда жылдамдық өлшегіш құралдары бұрынғыдай қолданылады.
Осы шаралар қалаларда жол жүру қауіпсіздігін бұзу фактілерін тіркейтін стационарлық жүйелердің көптеп енгізілуімен байланысты екен. Комитеттің мәліметінше, қазір олар 3,5 мыңнан астам.