Балалардың қауіпсіздігіне жергілікті әкімдер жауап беретін болды
Енді ауыл және аудандардағы балалардың құқығы мен қауіпсіздігіне жергілікті әкімдер тікелей жауапты болмақ. Елді мекендердегі мемлекеттік қызметшілер балалардың қорлық көрмеуін, отбасындағы жағдайын, тәрбиесін бақылауға алады, деп хабарлайды алтайньюс тілшісі Almaty.tv сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы балалар омбудсмені, сенатор Сәуле Айтпаева мәлімдеді. Сенатордың айтуынша, мұндай шешім қабылдауға соңғы уақытта елімізде балаларға қатысты болған бірнеше сұмдық оқиғалар себеп болған екен.
Айта кетсек, балаларға көрсетілген зорлық-зомбылық оқиғаларының көбі ауылдық жерлерде болған. Ал, «111»- сенім телефоны арқылы түскен қоңыраулар бойынша, балаларға зорлық-зомбылықты өгей әке-шешесі жасайтынын көрсеткен.
- Сондықтан әкімдерді кәмелет жасқа жетпеген балалардың құқығына жауапты жергілікті комиссия басшысы етіп бекіттік. Атқарылған жұмыс туралы халық алдында жауапты болады», – дейді Сәуле Айтпаева.
Сонымен қатар, енді балаларға қатысты зорлық жасап, сотталғандар бойы балаларға жақын қызметке тұра алмайды және олар жазасының үштен екі бөлігін өтегенше, мерзімінен бұрын қамаудан босатылмайды.