KZ
Өскемен
+17°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
440.9 475.95 4.82

ШҚО-да келушілерді қабылдауға жарамды үш-ақ жағажай бар – мамандар

31.05.2019, 05:03 116

Облысымызда суға шомыламын деушілерді қабылдауға үш жағажай сақадай сай. Ал барлығы 339 суға шомылу орыны бар екен аймақта. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазір төтенше жағдайлар және қоғамдық денсаулықты сақтау департаменттері полиция, сондай-ақ жергілікті әкімшілік қызметкерлерімен бірлесе жер-жердегі өзен-көл, су қоймаларының жағалауын тексеруде.

Осы жұмыстар нәтижесінде мамандар әзірге үш жерде ғана суға шомылуға болатынын мәлімдеді. Олар: Өскемендегі «Самал» саябағы мен Ертістің сол жағалауындағы этнопарктегі су қоймалары, сонымен қатар Сібедегі Шалқар (үшінші) көлі. «Бүгінше тұрғындар үшін осы үш жер ғана қауіпсіз. Ал Семейдегі қалалық жағажайда әзірге демалушыларды қабылдайтындай жағдай жасалмаған» дейді құтқарушылар.

– Бүгінге дейін балалар лагерлерінің іргесіндегі су қоймаларын тексеру жөнінде 15 өтініш келіп түсті. Дәл осындай өтінішті (Алакөлге қатысты) Үржар ауданының әкімдігі де жолдады. Облыс аумағында 29 құтқару бекеті қызмет көрсетуге дайын тұр. Су қоймаларының жағалауларында 50-ден астам «Шомылуға болмайды» деген белгі орнаттық. Енді бәрі де адамдардың өздеріне байланысты. Жалпы, облысымызда екі мыңнан астам өзен-көл бар. Оның бәрі шомылуға жарамды деуге келмейді, – дейді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Тимур Дидахметов.

Мамандардың мәліметінше, жыл басынан бері облыста жеті адам суға кеткен. Қайғылы оқиғалар Аягөз, Глубокое, Ұлан, Үржар және Шемонайха аудандарында, сонымен қатар Өскемен мен Семей қалаларында орын алған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив