Президент Алакөлдегі сервистің деңгейін көтеруге тапсырма берді
Қасым-Жомарт Тоқаев ШҚО және Алматы облыстарының әкімдеріне Алакөл демалыс орнының инфрақұрылымын жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында жариялап отыр.
Өткен жылы Алакөлге келген туристердің саны 2 миллионға жеткен болатын.
- Алайда сервистің деңгейі мен көлік, тіпті, қонақүй инфрақұрылымын әлі жақсарту қажет. Әсіресе, жолға қатысты көп шағым айтылады, - деді Президент.
Ол Үкіметке және екі аймақтың әкіміне аз уақыт ішінде инфрақұрылымды жақсарту бойынша кешенді шараларды әзірлеп, қабылдауды тапсырды.
- Өткен жылы қазақстандықтардың көбі Алакөлде демалды. Бірақ тиісті деңгейдегі сервистің жоқтығына тап болды. Атап айтқанда, адамдар жергілікті автомобиль жолдарының жағдайына шағымданады. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының әкімдері жол жөндеу және сервистің деңгейін көтеру бойынша мәселелерді шешуге тиіс, - деген тапсырма берді Қасым-Жомарт Тоқаев.