ШҚО футболшылары - екінші, көш басында - Шымкент
Семейлік «Алтай» қатарынан екінші ойында ұпай жоғалтуға мәжбүр болды. Осыдан бірер күн бұрын Ақтаудың «Каспийімен» тең ойнаған жерлестеріміз бұл жолы Талдықорғанның «Жетісу-Б» командасымен тең тарқасты.
Бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионытаның бесінші тур ойынын алтайлықтар өз алаңында, Семейдегі «Спартак» стадионында өткізді. Бұл кездесудің алғашқы добы тек 80-ші минутта ғана соғылды. Көзге түскен талдықорғандық ұжымның ойыншысы Асхат Балтабеков болды. Дегенмен семейлік футболшылар тез есе қайтарды. 86-шы минутта Вячеслав Сердюков гол соғып, таразы басын теңестірді. 1:1. Бұл есеп ойын соңына дейін өзгерген жоқ.
Осы ойыннан кейін жерлестеріміз турнирлік кестенің екінші орнында орналасуда. Қоржынында 11 ұпайы бар «Алтай» көш басындағы шымкенттік «Академия Оңтүстік» командасынан бір ұпайға қалып тұр.
Ел біріншілігі аясындағы келесі кездесуін алтайлықтар 11 мамыр, сенбі күні өз алаңында дәл сол шымкенттік командамен өткізетінін айтқан жөн. Ал Қазақстан кубогы үшін жарыста жерлестеріміз ширекфиналдық кезең аясында «Атыраумен» шеберлік байқасады. Бұл ойын 8 мамыр күні Семейдің «Спартак» стадионында ойналады.