"Алтай" мен «Академия Оңтүстік» тең тарқасты
«Алтай» қатарынан үшінші ойында ұпай жоғалтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Осының алдында ақтаулық «Каспий» мен талдықорғандық «Жетісу-Б» командаларынан жеңіліс тапқан семейлік футболшылар бұл жолы Шымкентте жергілікті «Академия Оңтүстікпен» тең тарқасты.
Аталған матчтағы алғашқы доп кездесудің 14-ші минутында соғылды. Көзге түскен «Алтай» қорғаушысы Алексей Подпругин болды. Дегенмен семейлік футболшылар жеңісті есепті ұстап тұра алмады. Ойынның 57-ші минутында алаң иелері Ғалымжан Ермұрзаевтың көмегімен таразы басын теңестіріп кетті. 1:1. Бұл есеп ойын соңына дейін өзгерген жоқ.
Осы сәтсіздігінен кейін жерлестеріміз турнирлік кестенің екінші орнына сырғыды. Әзірге қоржынында 39 ұпайы бар «Алтай» көш басына шыққан «Каспийден» бір ұпайға қалып тұр.
Ел біріншілігі аясындағы келесі кездесуін алтайлықтар 30 тамыз, жұма күні өз алаңында қызылордалық «Байқоңырмен» өткізетінін айтқан жөн.