Өскемендегі 2157 көпбалалы отбасының тек 248-і ғана тіркеліп үлгерген
Шығыс Қазақстанда жұмыс сапарымен жүрген Вице-Премьер Гүлшара Әбдіқалықова Өскемендегі жұмыспен қамту орталығында болып, көпбалалы отбасыларды тіркеу жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Әуелі Премьер-Министрдің орынбасары құжат өткізіп жатқан аналармен кездесіп, жағдайларын сұрады. Өзін Ақбота Жекебаева деп таныстырған бес баланың анасы құжаттары толық өткенін, атаулы көмек тағайындалғанын айтып, қуанышымен бөлісті.
Орталық қызметкерлері толассыз келген адамдардың барлығын жылдам тіркеуге техникалық кедергілер кесірін тигізіп жатқан айтты. Ортақ база қайта-қайта тежеліп, соның салдарынан жұмыс бәсеңсіп жатқан көрінеді. Мамандардың айтуынша, қала шетінде мал ұстайтын отбасылардың мал-мүлкі туралы ақпарат алу да қиындықтар туғызуда. Ал саяжай кооперативтері мен саяжай серіктестерінде үйлердің мекенжайы бірізді жазылмаған. Бұл өз кезегінде атаулы көмек тағайындауға үлкен кедергі келтіруде. Аталмыш мәселені Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев өзіне белгілеп алды. Орталық қызметкерлері құжаттарды онлайн қабылдау жүйесі 30 сәуірде тоқтатылмаса екен деген тілектерін білдірді. Өйткені, Өскемендегі 2157 көпбалалы отбасының тек 248-іне ғана жаңа форма бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып үлгерген.
«Бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймын. Қажет болса, уақытын созу қажет. Өйткені құжат жинауда түрлі кедергілер бар екенін білеміз» - деді Гүлшара Әбдіқалықова.