Гүлшара Әбдіқалықова бес баласын жалғыз асырап отырған әкенің үйіне барды
Шығыс Қазақстанда жұмыс сапарымен жүрген Вице-Премьер Гүлшара Әбдіқалықова бес баласын жалғыз асырап отырған тұрғынның үйінде болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Нұрлан Жетпісовтің бес баласы бар. Жұбайы өмірден ерте озып, бес балаға ана орнына ана, әке орнына әке болып отыр. Өзінің айтуынша, бұған дейін пәтер жалдап, көрінгеннің есігін сағалап жүрген екен. осындай отбасының бар екенін білген «ВК Техногрупп» ЖШС Жібек Жолы көшесінен өздері салған көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы екі бөлмелі пәтер сыйлаған.
«Қыздарымның үлкені 10 сыныпта, ал ең кішісі бірінші сыныпқа барады. Басымызға пана табылып, қатты қуанып жатырмыз. Ең бастысы осы баспана болатын. Қалғанын өз күшімізбен көреміз» - дейді Нұрланның өзі.
Гүлшара Әбдіқалықова отбасының жаңа пәтеріне көрімдік ретінде ақшалай сертификат табыстады.