«Алтай» ел чемпионатының көшін бастады
Семейлік «Алтай» футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігінің көшін бастады. Чемпионаттың екінші турында Қарағанды қаласында теміртаулық «Шахтер-Болат» командасымен кездескен жерлестеріміз 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Бұл – шығысқазақстандық ұжымның чемпионат аясындағы екінші жеңісі. Естеріңізге салайық, біріншіліктің шымылдықашар ойынында алтайлықтар өз алаңында «Екібастұзды» 2:0 есебімен жеңген болатын.
Қарағандының «Локомотив» стадионында өткен матч та семейлік команданың басымдығымен өтті. Төрешінің ысқырығы естіле салысымен ойын тізгінін өз қолдарына алған Сергей Тимофеевтің шәкірттері кездесудің 38-ші және 53-ші минуттарында қарсылас қақпасынан саңылау тауып, матчты өз пайдаларына аяқтады. Нәтижелі соққылар жартылай қорғаушы Сергей Дудкин мен қорғаушы Василий Билыйдің еншісіне жазылды.
Осы жеңісінен кейін қоржынында алты ұпайы бар «Алтай» түркістандық «Мақтаарал» және шымкенттік «Академия Оңтүстікпен» бірге чемпионаттың көшін бастады. Келесі кездесуін жерлестеріміз 21 сәуір күні өз алаңында дәл сол екі ұжымның бірі «Мақтаарал» футболшыларымен өткізбек.