KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
491.71 529.97 5.05

Әділдікті ту етіп өткен қайран Болат аға...

1.04.2019, 08:05 283

Шығыстағы қазақ журналистикасы ауыр қайғыға ұшырады. 72 жасқа қараған шағында республикаға есімі белгілі журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, қарымды қаламгер Болат Салықбаев өмірден өтті.


Болат Сағдаұлы 1947 жылы қараша айының 29-да Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданы Алексеевка аулында туған. Ол 1966 жылы Қалжыр орта мектебін бітірген соң еңбек жолын «Қарой» кеңшарында бригадирдің көмекшісі болып бастаған. 1967 жылы қараша айында Болат Сағдаұлы Марқакөл аудандық «Маяк-Шамшырақ» газетіне аудармашылық қызметке алынады. Осыдан бастап Болат Салықбаевтың журналистік өмір жолы басталған. 1971-1978 жылдары Марқакөл аудандық радио редакциясының жауапты редакторы қызметін атқарады. Ол 1978 жылы көктемде Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (Қазіргі «Дидар») газетіне жұмысқа шақырылады. Аталған жылдан бастап 1991 жылға дейін облыстың бас газетінің Большенарым, Катонқарағай және Зырян аудандары бойынша меншікті тілшісі болып өнімді еңбек етті. Осы аудандардың тыныс-тіршілігін, өнерпаз жандарын, ауылшаруашылығы саласындағы еңбеккерлерін облысқа әйгіледі. Ал 1991-1993 жылдары Болат Сағдаұлы Большенарым аудандық «Еңбек туы – Знамя труда» газетіне басшылық жасады. Басылымның таралымын ұлғайтып, ажары мен мазмұнын да жаңа деңгейге көтерді.


Болат Салықбаев жылдар шегінде жоғары білімді, білікті журналист ретінде қалыптасып, 1980 жылы Алматы Жоғары партия мектебінің баспасөз, теле және радио қызметкерлері факультетін тәмамдады.


Болат Сағдаұлы 1993-1997 жылдары туып-өскен жері – Марқакөл ауданына көшіп келіп, аудан әкімінің аппаратында үш жылдан астам уақыт қызмет атқарды. Аудан әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінде бас маман, бөлім меңгерушісі болды. 2000-шы жылдардың басында облыс орталығы Өскеменнің іргесіндегі Ұлан ауданының орталығы Молодежное кентіне көшіп келіп, мұнан кейінгі жылдарда 10 жылдан астам уақыт тележурналистика саласында еңбек етіп, Шығыс Қазақстан аймақтық «Қалкен» және «31 арна - Өскемен» телеарналарында қазақ редакцияларын басқарды.


Бөкең журналистік жұмысымен қатар артынан ерер шәкірт тәрбиелеу ісін де қатар алып жүрді. 2005 жылдары С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың филология факультетіндегі журналистика бөлімінің қазақ топтарына дәріс оқуға келіп, бірнеше жыл оқытушылық қызмет етті. Бүгінде Болат Сағдаұлының алдын көрген шәкірттері мықты журналист ретінде қалыптасып, облыстық, республикалық жетекші мерзімдік басылымдарда, телеарналар мен радиоларда жемісті еңбек етуде.


Тәжірибелі журналист 2010-2011 жылдары халықаралық «Қазақстан - ZAMAN» газетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болып жұмыс істеді. Аймақтағы шешімін күткен өзекті мәселелерді республикалық деңгейде көтере білді.


Қаламы қарымды журналист телевизия саласында қабілетті журналист екенін көрсетіп, өнімді еңбек етті. Даңқты жерлесіміз, партизан-жазушы, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Қазақтың қаһарман Қасымы» атты телефильм, «Тереңнен тартылған қазына», сонау 1997 жылы журналистер арасында алғашқы болып дайындалған «Елімнің жүрегі - Астана» атты көлемді телехабарлар сценарийлерінің авторы.


Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Болат Салықбаев шығармашылық жетістіктері үшін 1998, 2002, 2005 жылдары Өскемен қаласы әкімі сыйлығының лауреаты, ал 2004 жылы рухани және адамгершілік тақырыбына жасаған үздік хабары және журналистикадағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін облыс әкімінің сыйлығының лауреаты атанды.


Қаламы қарымды қаламгер журналистік жылдарында көргені мен түйгенін жинақтап «Өсиетпен өскен әулет» атты ғұмырнамалық жинақ және «Тағдыр мен тағлым» атты келешек ұрпақ алар тағлымы мол кітап етіп қалдырды.
Болат Сағдаұлы өмірлік зайыбы Нүриман Әміртайқызы екеуі Шынар мен Дидар есімді ұл-қыз тәрбиелеп, өсіріп, жеткізді. Олардан бірнеше немере сүйіп, немерелерінен шөбере сүйіп кетті.


Болат Салықбаев 50 жылдан артық журналистік қызметінде әрқашан адалдықты арына ту етіп, адал қызмет етті. Әсіресе, тіл, ұлттық мүдде, салт-дәстүр, отансүйгіштік, ұлттық рух мәселелеріне қалам тартқанда әділдіктің ақ туын құлатпай, қолынан қаламы түскенше тура жолдан таймай өтті. Шығыстағы қалам ұстаған халықтың арасында қос тілде еркін жазатын талантты журналист ретінде танылды. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарады, өзгелерден де соны талап ете білді.


Ұлт мүддесі жолында өз көзқарасын үнемі ашық та батыл білдіре білген абзал азамат, нақты ұстанымның адамы болды. Ажал оғы тосыннан тимегенде, денсаулығы тың болғанда әлі де талай дүниелерді жинақтап шығарары сөзсөз еді.
Әріптес ағамыздың мезгілсіз қазасына орай отбасына, барлық ет-жақын туған-туыстарына, Шығыстағы қалам ұстаған барша әріптестеріне өзі жұмыс істеген облыстық «Дидар» газетінің, «Шығыс ақпарат» ЖШС-нің атынан қайғырып көңіл айтамыз. Ағамыздың алды пейіш, арты кеніш болсын!


Болат Сағдаұлы Салықбаевтың әрқашан әділдікті ту еткен жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады. Қош, әріптес, аға!

 

Марқұммен қоштасу ертең, сағат 10:00-де Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кентіндегі орталық мешіт маңындағы өзінің үйінде. Мекенжайы: Нұржау көшесі -8, пәтер - 7

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив