KZ
Өскемен
-2°
туман жел 1 м/с, СШ
478.96 533.03 5.22

Дариға Исабаева, «Бүркіт шыңы» ЖШС директоры: – Ауылға қызмет ету – абырой

8.03.2019, 09:56 168

Ол үшін Мұзтаудан асқақ шың, Алтайдан көркем жер, маралдан қасиетті жануар жоқ. Оны ол туған жеріне Жаратушының жасаған сыйы деп түсінеді. Адамдар сол сыйдың қадіріне жетіп, шапағатын көрсе екен деп еткен еңбек пен төккен тер оған елден алғыс болып қайтып жатыр. Жуықта Туризм және спорт министрлігі де Қатонқарағай ауданындағы «Бүркіт шыңы» ЖШС директоры Дариға Исабаеваны «Туризм саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. 



Бұл менің емес, Шығысымның марапаты 



- Бір кездері әкеңіз Темірбек Исабаевтың маралдарды туған жерінің қасиетті жануарын сақтап қалу мақсатында сатып алғандығын, артынан оның үлкен шаруашылыққа, кейіннен шипажай ашуға мұрындық болғандығын жақсы білеміз. Министрлік тарапынан алған марапатыңыз да 15 жылдан астам уақыт осы бағытта еткен еңбегіңіздің жеңісі болар...



- Бұл бір менің, тіпті «Баян» пантымен емдеу орталығының да жетістігі емес. Бұл марапат осы саладағы қиындықтарға қарамастан, маралдардың жойылып кетуіне жол бермей, халықтың игілігі үшін еңбек етіп жатқан аудандағы әрбір шаруашылық пен пантымен емдеу орталығына ортақ дер едім. Шыны керек, бұл марапатты алып жатқанда, осы саладағы әріптестерім алдында ұялдым.Өйткені шаруашылықты кеңейту, оны туризммен ұштастыру бағытында бәріміз бірдей жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін бәріміз жабылып жүріп туризмнің арқасында құрып кету қаупі төніп тұрған маралдарды сақтап қалдық десем, артық айтқандық емес. Мал санын айтпайды дейді қазақ, дегенмен бүгінде маралдардың жалпы саны қырық пайызға артып отыр деуге толық негіз бар. Бұл облыстағы пантымен емдеу орталығының алып отырған алғашқы марапаты болғандықтан, әріптестерім де біз үшін бір кісідей қуанды. Ал мені бұл марапат туризмнің осы саласын одан әрі дамытуға қанаттандырды. Содан кейін, мені осы уақытқа дейін қолдап келген қызметкерлеріме мың алғыс. Мұндай сенімді командамен кез-келген іске батыл кірісуге болады. 

 


- «Баян» атты брендпен марал мүйізі мен тау шөптерінен жасалаған табиғи дәрмектер еліміздің көптеген қалаларының нарығына шыққандығын, ол жақта үлкен сұранысқа ие екендігін көп жерде айтып жүрсіз.Осы өнімдерді шетелге таныту ойыңызда жоқ па? 



- Алтай табиғатының өзі емге дәру, дертке шипа ғой. Әттең біз қолда бардың қадірін білмей жүрміз. Қойнауында 300-ден астам емдік шөп бар, соның жиырмадан астамы Қызыл кітапқа енген Алтай өлкесіне жуықта Қытай елінен келген туроператорлар қатты қызығып кетті. Олар бұғылардың шөптің тек құнарлысын талғап жейтіндігін, сондықтан мүйізінен алынатын панты өнімінде 15 түрлі макроэлемент, 20 түрлі микроэлемент бар екенін айтып бергенімізде, таңдайларын қақты. Бірақ әзірге біз оларды тек турист ретінде қабылдамасақ, өнімдерімізді әлемдік нарыққа шығаратын сертификатымыз жоқ. Қазір сол сертификатты алу бағытында жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Жалпы, биыл орталыққа үлкен қаржы салуды көздеп отырмыз. Шипажайдың 50 емес, 70-80 адамды қабылдай алатындай жағдай жасау - мақсатымыз. Өйткені пантымен емделуге деген сұраныс артып келеді.Қазір халық та ауырып ем іздеудің емес, ауырмаудың жолын іздеуге көшкен. Бұл – әсіресе шетелдіктерге тән қасиет.



- Шетелден қонақтар көп келе ме?



– Өте көп. Бізден гөрі Алтай маралдарының қадіріне солар жетіп жүр ме деп ойлайсың кейде. Мысалы, алты жыл қатарынан Жапониядан бір ақсақал келіп жүрді. Әр келген сайын Алтайды, осындағы қазақтарды, маралды сағындым дейтін. Дертімнен айығып, күш-қайратым артты деп, бізге алғысын жаудырып кететін. Германия, Ресей, Швейцария, Израиль, Қытай секілді елдерден жыл сайын келетін тұрақты қарияларымыз бар. Олар өзімен бірге жаңа туристерді де ерте келеді.Өз еліміздің туристері де келеді, әрине. Тек шетелдіктердің инфрақұрылымның әлсіздігіне қарамастан, ем алу үшін алыстан келетіндігіне қайран қалмасқа амал жоқ. Өңірде бізден бөлек 11 пантымен емдеу орталығы бар. Өзімізден артылған туристерді сол жақтарға жібереміз. Турист тарту мақсатынды «Шығыс тур» фирмасын құрған болатынбыз. Бізде туристік маусым өте қысқа, небары үш ай болғандықтан, неғұрлым көп турист қабылдағымыз келеді. Ондай мүмкіндік ауданда бар.

 

- Ал кедергілер ше...



- Әуежайдың жоқтығы қолбайлау мұндайда. Облыс басшысы Даниал Ахметовтің осы мәселеге назар аударып отырғандығы қуантады. Кезінде әкем «ауылға қызмет етіңдер» деген сөзді жиі айтатын. Сол сөздің мағынасын енді түсініп жатқандаймын. Бүкіл Катонқарағайды марал шаруашылығымен-ақ асырауға болады. Медициналық туризмді дамыту арқылы адам сиреп қалған ауылдарды жандандыруға болады. Тек бұл бір адамның қолынан келмейді. Облыс басшысының ауданда туризмді дамытуға ден қойып отырғандығы осы үміттің отын жаққанмен бірдей болды. Әкем мен анамның өсиетін орындау үшін ағам да, сіңілім де барын салып жатыр. Қазір ауылдың жандануына аз да болса үлес қосып жатқаным – әулетіміз үшін абырой.



Ана болу бақытын сыйлаған - «Баян»



- Пантымен емдеу дәстүрлі емес медицина ретінде қаралып жүр. Дегенмен, Алтай Республикасында бұл саланы зерттеуге арналған арнайы институт та бар екен. Медициналық туризмді дамыту үшін бізге де осыған назар аудару қажет сияқты...



- Адам ағзасы дұрыс жұмыс істеуі үшін жиырмадан астам түрлі амин қышқылы керек болса, соның 18-і панты өнімінде бар. Дегенмен елімізде панты өнімдері мен оның емдік қасиеті бізде ғылыми түрде зерттелмеген.Аудан орталығында дәстүрлі емес медицина орталығын ашу пантымен емдеу ісін ғылыми түрде зерттеуге негіз болады деп ойлаймын. Бірақ бір білеріміз, біздің пантының ерекшелігі - Алтай тауларының құнарлы шөбінде. Халық арасында оның көбінесе ер адамдардың денсаулығына пайдалы деген қағида қалыптасқан сыңайлы. Алайда, орталық ашылған он жылдан астам уақыт аралығында оның әйел адамдардың денсаулығына анағұрлым пайдалы екендігін байқадым.Мұнда ем алып, тынығып қайтқан соң, көп ұзамай жылдар бойы бала сүю бақытына қол жеткізе алмай жүрген жандардың ана атанғандығына куәмін өз басым.



- Мұның сыры неде деп ойлайсыз?



- Мұның сыры Алтайдың саф ауасы, бұлақтың мөлдір суы десем, баламасы жоқ жауап болар. Жалпы, медициналық жағынан алар болсақ, жоғарыда атап өткен емдік шөптер мен пантының әсері дер едім. Адамның репродуктивтік жүйесіне көптеген гормондар әсер етеді. Ал емдік шөптер мен панты оны химиясыз реттейді. Мысалы, кортизол деген стресс гармоны бар. Адамның жүйке жүйесі мен көңіл-күйіне тәуелді бұл гормон ауытқыған кезде ағзада өзгерістер жүреді. Панты бұлауынан кейін адам сәбидей алаңсыз ұйықтайды. Жүйке жүйесі тынышталады. Сол кезде кортизол гормоны төмендейді. Ол өз кезегінде жоғарылауынан туындаған дертті жеңуге себеп болады. «Осының барлығының ғылыми негіздемесін жасасақ, шіркін!» деген ойлар келеді. Негізгі мамандығым қаржы саласымен байланысты болса да, осы іспен шұғылдана бастағаннан кейін, «өзім бетімен білім алған дәрігер» болып кеттім. Ал, шын мәнінде, бүгінгі күні орталықта дәрігер мамандарының басым көпшілігі гинекологтар. Бізге тек бала көтере алмай жүрген жандар ғана емес, денсаулығында өзге де кінәраты бар әйелдер келіп, ем алып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. Өскемен қаласында ашылған орталықта да ер адамдармен қатар, әйел адамдардың жан саулығы мен тән саулығына арналған көптеген процедуралар бар.



Әйелге масыл болу – ерге сын 



- Әйел, ана тақырыбына ойысқан екенбіз... Соңғы кезде елімізде көпбалалы аналарды қолдау мәселесі көтеріліп жатқандығынан хабардар боларсыз. Жалпы, біздегі көпбалалы аналар болсын, әйел кәсіпкерлер болсын, нәзік жандар дейікші, қаншалықты қорғалған деп ойлайсыз?



- Кәсіпкер ретінде, ең алдымен, осы саладағы қолдауға тоқтала кетсем. «Елімізде кәсіп бастаймын деген адамға барлық жағдай жасалған» деген сөзді жиі естіген боларсыз. Шыны керек, солай. Мейлі, әйел, ер адам болсын, кәсіп бастаймын десе, қазір стартап-жобалардан бастап, ауқымды шаруаларды шырқ үйіріп әкетуге болады. Тек ерінбей еңбек ету керек. Бұл әсіресе ер адамдарға қатысты. Қазіргі күні әйелдер тау қопарып, тас жарып жатқанда, ер-азаматтарға қол қусырып қарап отыруға болмайды. Көпбалалы аналарды қолдауымыз қажет. Өйткені ол, ең алдымен, еліміздің демографиясына оң әсер етеді. Бірақ ер адамдар бұл қолдауға малданып, жұмыссыз жатпауы керек, меніңше.Әйелдерін алдыға салып, «жоқ» деп жылай бермей еңбек етсін. Әрі-беріден кейін ол – ерге сын. Жалпы, әйел адам қанша мықты болсын, ер адамға иек артады ғой. Ерлеріміз сол сенім үддесінен шыға білсе екен...

 

- Әңгімеңізге рақмет. 

 

Лаура ТІЛЕУБАЙҚЫЗЫ

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив