Қар «тұтқындарын» танкімен құтқарды – ШҚО
Қарулы күштердің «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері жолдарды тазартуға қолғабыс етіп, қар құрсауында қалған жолаушыларға да көмек қолын созды.
Арнайы техникамен 50 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
«Ақтүтек боранның салдарынан өңірлерде төтенше жағдайлар жиі болып жатыр. Сондықтан ТЖМ-ның аумақтық құтқару бөлімшелеріне танкі бригадасының және Аягөз гарнизоны инженерлік-саперлік батальонының әскери қызметшілері көмектесіп жатыр», - деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс министрлігі.
Мәселен, әскери қызметшілер Алматы-Өскемен тасжолының 40-шы шақырымында қар құрсауында қалған 50 адамды және 10 шақты көлікті арнайы техникамен эвакуациялаған. Жолаушылар түгел Аягөзге жеткізілді.