ШҚО университетінде балаларды дамытуға арналған жастықтар тігеді
Мағыналы құрақтар мен жастықтарды С.Аманжолов атындағы ШҚУ қызметкері тігеді.
«UAU» деп аталатын заманауи эко-ұлттық бұйымдарды дайындау жобасы көпшілікті қызықтырған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жұмыстың авторы - «Кәсіптік оқыту, көркем еңбек және графика» мамандығының екінші курс студенті әрі Физика және технологиялар кафедрасының өндірістік оқыту шебері Айжан Үмбетова.
Айжан Төлеуханқызы бұйымдарын түрлі дизайнда, әртүрлі жас ерекшеліктеріне де байланысты жасайды. Ең ерекшелері - балаларға арналған көбейту кестесі, сағат, әліппе, географиялық карталар бейнеленген жастықтар мен құрақтар. Осылайша, ол бүлдіршіндерді оқу-білімге қызықтырмақ.
Шебер көбінде «Ши құрақтарды» тігумен айналысады. Оның айтуынша, құрақтың бұл түрін тігу шығыста дамымаған, тіпті оны тігетін шеберхана мүлдем жоқ көрінеді. Ши құрақтармен жасалған көптеген дүниелерді тұрмыста қолдануға болады.
Ол бұйымдарын жасауда түрік велюрін қолданса, ішін толтыруға акустикалық поролон мен арнайы холлофайбер пайдаланады. Бұдан бөлек, Айжан Төлеуханқызы заманауи интерпретацияда ұлттық бұйымдарды да тігеді.
Бұған қоса, шебер құрақ тігуді үйренгісі келген жандар үшін ютубта өзінің каналын ашқан. Қосымша арнайы кітапша да әзірлеген. Кітапшада QR-код бейнеленген, сол арқылы ютубтағы бейне сабақтардан тігін өнерін үйренуге мүмкіндік бар.