Достық үйінде ұлт татулығы ұлықталды - ШҚО
Өскемендегі Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мерекелік концерт ұйымдастырылды.
«Ел бірлігі – ел теңдігі» деп аталатын концерттік бағдарламаға көз жүгірткен адам бұл іс-шараның ұлттар достығын ұлықтауға арналғанын бірден ұғынады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Сахнада әуелі «Ақниет» вокалдық ансамблі қазақтың халық әндерін шырқады. Әсем әндердің әуезін «Ерке сылқым» күйі жалғады. Келесіде бүлдіршін бишілер қазақ биінің көз тамсандырар көркемдігін көпшілікке паш етті. Содан кейін татар, бурят және белорус биіне кезек берілді.
Бірлік күніне арналған бағдарламаны Гүлзада Хамитова есімді өнерпаз «Өз елім» әнімен түйіндеді. Достық үйіне жиналған қауым концерттен кейін қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесін тамашалады.