Еріктілер жолдың проблемалық учаскесіне мониторинг жүргізді – ШҚО
17 тамыз күні Шығыс Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтері, «Әділдік жолы» қоғамдық ұйымының мүшесі Әділ Пшенов «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында Жібек Жолы көшесінен Өскемен-Алматы тасжолы бағытында қала шекарасына дейінгі жол құрылысының барысына қоғамдық мониторинг жүргізді.
Жолдың бұл учаскесі қаладағы ең сұранысқа ие учаскелердің бірі болып табылады. Ағымдағы жылы мамыр айының соңында мердігерлер 1 шілдеге дейін осы учаскеде асфальтты төсеп аяқтаймыз деп уәде берген. Бұл жолмен күн сайын жүретін адамдар жолдың қазіргі жағдайына наразылық білдіруде, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Автомобиль жолының осы учаскесін реконструкциялау бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын "Kurylys Group RK" ЖШС мердігерлік ұйымы орындауда, сондай-ақ объектіде авторлық және техникалық қадағалау бақылауы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 6,9 млрд теңге, қайта жаңартылатын жол учаскесінің ұзындығы – 5,3 км. Мердігердің айтуынша, қайта жаңартудан кейін жол 4 жолақты, жолдың ені 16 м, тротуар бөлігінің ені 3 м болады. Бүгінгі күні объектіде жер төсемін орнату, байланыс желілерін шығару және нығайту, астыңғы, төменгі және жоғарғы қабаттардың жол киімдерін орнату бойынша жұмыстар жүргізілген, көше жарығы тіректерінің қабырғалары мен іргетастарын орнату жүргізілуде. Тапсыру мерзімінің кешігуін мердігер шілде айында битумның жетіспеушілігімен, сондай-ақ оның бағасының қымбаттауымен түсіндірген болатын.
Келесі жылы нысан толығымен аяқталады, қиыршық тас-мастикалық асфальтбетонның жоғарғы қабаты төселеді.
Мониторинг барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтер Әділ Пшенов жолды жөндеу барысында кесілген ағаштардың орнына жасыл желектерді отырғызуға қатысты мәселеге қызығушылық танытты.
Алайда мердігерлер бұл сұраққа жауап бере алмады.
Сонымен қатар, қаланың ТКШ бөлімінің ақпараты бойынша, 2024 жылдың желтоқсан айының соңына дейін 2130 дана көшет отырғызылады.
Әділ Пшенов ерікті ретінде осы мәселені, сондай-ақ аталған объектіні толық аяқтағанға дейін қайта құруға қатысты бірқатар мәселелерді бақылауға алуға ниетті.