KZ
Өскемен
-2°
ясно жел 1 м/с, С
443.35 475.54 4.82

Өскемендегі эко-орталықта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

29.09.2023, 12:24 178 Ләззат Қанатқызы

Өскемен қаласындағы О.Бөкей атындағы кітапханаға қарасты «Борис Щербаковтың жасыл үйі» эко-орталығында осыған дейін атқарылған жұмыстардың тұсаукесері өтті.

Бұл орталықтағы түрлі жобалардың іске асырылуына және заманауи техникамен жабдықталуына «Samruk-Kazyna Trust» КҚ қаржылай қолдау көрсеткен. Шараға аталмыш қордың өкілдері - әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева, корпоративтік қызметінің бас менеджері Алдаберген Кемпірбаев және Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит қатысты.

- Біздің қор игі бастамаларды қолдауға, қайырымдылық шараларға атсалысуға әркез дайын. Осыдан екі ай бұрын ғана Өскеменде оңалту орталығын аштық. Соңғы 6 жылдың ішінде қор бір млрд теңгеден астам қаржыға осы қалада 14 әлеуметтік жобаны іске асырдық. Ал биыл 5 жоба қаржыландырылып отыр», - деді Альфия Адиева.    

«Жасыл үй» деп аты айтып тұрғандай, бұл орталықтың жұмысы өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Тарихшы, ғалым Борис Щербаковтың арқасында «Шығыс Қазақстанның Қызыл кітабы» атты тұңғыш электрондық  қор құрылып, экологиялық сабақтар, таныстырылымдар, түрлі кездесулер мен тақырыптық шаралар ұйымдастырылуда. Балаларға арналған электронды микроскоп және қаланың ауасын, суы мен топырағын зерттеу көрсеткіштерінің  жиынтығымен жабдықталған  сандық үлгідегі эко-зертхана да құрылған.

- Жаңа технологияларды кітапхана ісіне енгізу арқылы біз білім ордаларындағы оқушыларға алған білімін одан әрі шыңдай түсуге жағдай жасаудамыз. Эко-орталығымыздың jasylui.kz сайты жұмыс істеп тұр. Онда Борис Щербаковтың жүріп өткен жолдарынан ақпарат беретін онлайн карта мен тарихшы кітаптарының электронды нұсқалары бар. Орталықта өтетін экосабақтар, экозертхана, экомультстудияның барлық жұмыстары да осы сайтқа қойылған», - деді О.Бөкей атындағы кітапхана директорының орынбасары Айгүл Ахметжанова. 

Бұдан бөлек, жасыл үйге табан тіреген балалар заманауи технология арқылы бағдарламалаудың қыр сырын тәжірибе жүзінде меңгеріп, 3D-принтер арқылы құстардың ұясын, кішкентай жануарларға протездер және өсімдіктерге арналған ыдыстар жасайды.  «Digital fashion» IT курстарында эко-киімдер үлгісін жасауды да  үйреніп жатыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив