ШҚО шахтасында зардап шеккен екінші кеншінің жағдайы қалыпты
ШҚО Глубокое ауданындағы шахтада опырылып құлаған тау жынысының астынан құтқарылған 32 жастағы үңгуші облыстық ауруханаға жеткізіліп, оған шұғыл түрде медициналық тексеру жүргізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаевтің айтуынша, кеншінің денсаулығы қалыпты, тексеру барысында сүйектің сынуы анықталмаған, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Естеріңізге сала кетсек, кеше Ертіс шахтасында жазатайым оқиға болып, тау жынысының опырылып құлауынан екі кенші үйілген топырақ астында қалып қойған. Олардың бірі сыртқа өздігінен шықса, екіншісін алып шығу үшін ауқымды апаттық-құтқару шарасы жүргізілген. Жағдай облыс әкімдігінің бақылауына алынған. Кеніште болған оқыс оқиғаның себебі мен жағдайларды арнайы комиссия тексеретін болады.