Глубокое ауданындағы кеніште болған оқиғаның себептері анықталып жатыр
Фото: istockphoto.com
Қазіргі уақытта оқиға орнында апаттық-құтқару жұмыстары жалғасуда.
Төтенше жағдайды жою жұмыстарына кәсіби әскерилендірілген құтқару қызметінің Шығыс Қазақстандағы филиалының үш бөлімшесі, сондай-ақ №3 апаттық-құтқару жасағының Ертіс жедел әскерилендірілген тау-кен құтқару взводы жұмылдырылды. Үш техника жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Жазатайым оқиға бүгін таңертең болды. Жұмыстарды жүргізу кезінде тау-кен массалары опырылған. Естеріңізге сала кетсек, үйінді астында екі метр тереңдікте 1995 жылы туған үңгуші маман қалып қойған болатын. Ол ес-түсін біледі, оған ауа баратындай жағдай жасалып, шам жеткізілді.
Тау-жыныстарының құлау себептері мен оқиғаның мән-жайы қазір анықталып жатыр.
ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметінше, үңгушілер тау-кен массасы опырылған кезде жерасты қазбасында жұмыс істеп жатқан, соның ағыны жұмысшылардың бірін төмен тартып алып кеткен көрінеді.
Барлық апаттық-құтқару жұмыстары мен оқиғаның себептерін анықтау облыстық биліктің бақылауында тұр.