Кеніште үйінді астында қалып қойған жұмысшы құтқарылды – ШҚО
Шартты сурет: radiosputnik.ria.ru
ШҚО-ның Глубокое ауданындағы кеніште үйінді астында қалып қойған жұмысшыны алып шықты.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының ақпараты бойынша, сағат 18.30-да зардап шеккен адамды үйіндінің астынан алып шықты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Жазатайым оқиға бүгін таңертең болды. Жұмыстарды жүргізу кезінде тау-кен массалары опырылған.
Салдарынан жерасты қазбасында жұмыс істеп жатқан екі үңгуші маман үйінді астында қалып қойған. Біреуі өз күшімен жердің үстіне шығып үлгереді. Екіншісін аман алып шығу үшін ауқымды апаттық-құтқару операциясы жүргізілді.
Жағдай облыс әкімдігінің бақылауына алынған. Оқиғаның мән-жайын арнайы комиссия зерттеп, анықтайтын болады.