Жәрмеңке, хоккей, көрме... Алтай ауданының күні қалай өтеді?
Сурет: Тілеубек Шаяхмет
Облыс орталығында «Туған жер – алтын бесігім» аймақтық жобасы аясында Алтай ауданының күніне орай мәдени және спорттық іс-шаралар өтеді.
Бағдарлама екі күнге жоспарланған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
24 қарашада сағат 10.00-де М. Әуезов атындағы №17 мектепте «STEM білім беру – болашаққа қадам» тәжірибе алмасу семинары өтеді. 11.00-де Металлургтер мәдениет сарайындағы коворкинг орталығында «Қанатты жастар» пилоттық жобасының тұсаукесері болады. Дәл осы уақытта «Алтай – ортақ үйіміз» тақырыбында С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттерімен кездесу өтеді деп жоспарланған.
Ал кешке, сағат 17.00-де «Ертіс Концерт» фойесінде өнеркәсіп өнімдерінің көрмесін тамашалауға болады. Содан кейін бірден Алтай ауданының шығармашылық ұжымдары гала-концерт қояды.
25 қарашада 08.00-де ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталады. Сенбілік тойбазар "ТНП" сауда үйінің алдында болады. Сондай-ақ осы күні шайбалы хоккей турнирінде жасөспірімдер және ардагерлер командасы бақ сынайды. Спорттық іс-шаралар сағат 10.00-де және 15.00-де өтеді. Хоккей модулінің мекенжайы: Тимирязев көшесі,177а