Қытаймен визасыз режим туризмді түлетеді
Фото: smartnews.kz
Биылғы жылдың 10 қарашасында Қытай халық республикасы мен Қазақстан Республикасы арасында визасыз режим күшіне енген болатын.
Бұл бастама Шығыс Қазақстанда туризмді дамытуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Астана қаласында брифинг өткізу барысында Қытаймен арадағы визасыз режим өңірдегі туризмнің дамуына серпін беретінін айтты.
– Қытаймен визасыз режим Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамытуға бірегей мүмкіндік сыйлайды. Бұл екі ел арасындағы тығыз мәдени және экономикалық байланысқа оң ықпал ете отырып, туристер санын көбейту үшін қолайлы жағдай туғызады. Қазақстанға кіру тәртібін жеңілдету қытайлық туристерді тартады деп болжанып отыр, бұл мейрамхана бизнесі мен бөлшек сауда салаларының өсуіне ықпал етеді. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру, аймақтағы экономикалық дамуға серпін беру арқылы өңірдегі көрікті жерлер мен туристік инфрақұрылымды дамытуға әсерін тигізеді. Сонымен қатар, екі ел арасындағы іскерлік белсенділік артады деген болжам бар, бұл өңір экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту үшін маңызды фактор болады, – деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.