KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 3 м/с, ОБ
481.84 531.33 5.07

ШҚО-да спорт нысандарының құрылысы жалғасады

6.12.2023, 18:15 138

Еліміздің туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен есептік кездесуінде туризм және спорт салаларында жүргізіліп жатқан реформалар, биыл атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

– 2025 жылға дейін елімізде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 113 жаңа спорт нысаны салынып, қолданыстағы 26 нысан қайта жаңартылады. Мәселен, биыл Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданындағы Айыртау ауылында спорт модулінің құрылысы аяқталды. Бұған қоса Алтай қаласының, Белоусовка, Жаңа Бұқтырма кенттері мен Күршім, Үлкен Нарын ауылдарының стадиондарын қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, – деп мәлім етті министр.

Ермек Маржықпаевтың айтуына қарағанда, бүгінге дейін еліміздің барлық өңірінде спорт нысандарын түгендеуге бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілген. Осындай жұмыстың нәтижесінде спорттық инфрақұрылымға мұқтаж өңірлердің, атап айтқанда ауылдық жерлердің тізбесі айқындалыпты. Мәселен, облыстағы 1 859 нысанның 10 пайызы тиісті параметрлерге сәйкес келмейтіні анықталған.

– Тәуелсіздік жылдары Шығыс Қазақстаннан 40 спортшы Олимпиада ойындарына қатысқан. Мұның өзі Шығыс өңірінің спорттық әлеуеті зор екенін көрсетіп тұрса керек. Қытайда өткен соңғы Азиадада да сіздердің спортшыларыңыз семсерлесу, байдарка және каноэда ескек есу, слаломда есу бойынша жүлдегерлер қатарынан көріне білді. Дегенмен биылғы құрлықтық ойындарда шығысқазақстандық атлеттер 32 жылда алғаш рет алтын медальсіз қалды. Әсіресе бокс, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі шеберлерінің нәтижелері төмен. Алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыруға күшс алу керек, – деген Ермек Маржықпаев жергілікті спорт функционерлері мен бапкерлердің кәсіби біліктілігіне шүбә келтірмейтінін айтты.

Министр алдағы байрақты бәсекелерде шығысқазақстандық саңлақтар жеңіс тұғырынан көрінетініне сенімді екенін жеткізді.

Нұржан Кенжеұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив