KZ
Өскемен
-11°
переменная облачность Штиль
498.34 519.72 4.85

ШҚО-ға 280 мыңнан астам турист келді

фото: qaz365.kz

6.12.2023, 18:58 195

Жыл соңына дейін Шығыс Қазақстанда туризм саласына қатысты жеті инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бүгінге дейін оның үшеуі жүзеге асырылып қойды. Бұл жөнінде туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Белгілі болғандай, биыл Өскемен қаласында «BestWesternPlus» төрт жұлдызды қонақүйі мен «Мұзтау» эко-қонақүйінің құрылыс жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар облыста тағы үш кішігірім қонақ үй пайдалануға беріліп, Қатонқарағай ауданындағы «Топқайың» базасының аумағы кеңейтілді.

Сондай-ақ биыл Өскеменде «Диамант» қонақүйінің және Күршім ауданында ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне арналған жол бойындағы қонақүйдің құрылысы аяқталмақ. Ал келер жылы Бұқтырма су қоймасының жағалауында салынып жатқан «ShalelaBale» демалыс базасы келушілерге есігін айқара ашады.

Кездесу барысында министр мырза Шығыс өңірінің туристік әлеуеті әлі де толық ашылмай тұрғанын айтты.

– Облыстарыңыз табиғат ресурстарының бірегейлігімен, ландшафтардың сан алуандығымен және бай тарихи мұрасымен ерекшеленеді. Мұның бәрі өңірде туризмнің көптеген түрін дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Мысалы, ЮНЕСКО тізіміне енген Қатонқарағай ұлттық табиғи паркі әлемдік деңгейдегі туристік аймақ саналады. Енді соның әлеуетін пайдалану керек. Бұл аймақ отандық қана емес, шетелдік туристерді тартатын орталықтың біріне айналуға тиіс, – деді Ермек Маржықпаев.

Осы ретте, 2023 жылдың тоғыз айында облысымызға 281,2 мың қазақстандық турист келгенін, 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғандағы өсім – 13,7 пайыз болғанын айтқан жөн. Ал шетелдік саяхатшылар саны 14 мыңнан асыпты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,7 пайызға көп.

Еліміздің туризм және спорт министрі тұрғындармен кездесуден кейін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, сұрақтарына жауап берді.

Нұржан Кенжеұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу