Рекорд: Биыл 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынады
сурет: catherineasquithgallery.com
Елімізде биыл 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл – рекорд. Баспана мәселесі жөнінде Үкімет жиынында айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.
Азаматтардың баспаналы болуын қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерді шешу үшін Үкімет кезекте тұрғандар, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй көлемін 4 есе ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ол үшін қосымша 272 млрд теңге бөлінеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Отбасы банкімен бірлесіп, 300 млрд теңге сомасына ипотекалық қарыздар беретін жаңа бағдарлама іске қосылады. Жаңа бағдарламаға жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, банк салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары, оның ішінде ақша жинау бойынша міндеттемесі жоқ тұрғын үй кезегінде тұрғандар қатыса алады.
Бірінші жылы жаңа бағдарлама есебінен қосымша 12 мың мұқтаж отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жалпы биыл рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынады, бұл сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Бұл бұрынғы жоспарланған жылдық көрсеткіштен 2,5 млн шаршы метрге артық.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Премьер-Министр Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтылған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау бойынша кеңес өткізді.