Зауыт бар, мәдениет жоқ
Экологиялық мәселелердің қатарына қоқыс қосылды. Өскемен қаласы мен облыс үшін күн тәртібінен түспеген ең өткір мәселе – қатты тұрмыстық қалдықтарды жою, сақтау, қайта өңдеу болып келеді. Өндірістерден, өнеркәсіптерден, мекемелерден бастап, қоғамдық тамақтану орындары мен коммерциялық нысандардан, сан мыңдаған үйден шығарылған қоқыстар мен қалдықтар Өскеменнің іргесіндегі полигонда ашық күйінде, аузы-мұрнынан шыға лық толып, жер-көкті ластап, іріп-шіріп жатыр. Одан қалса қаланың іші-сыртында, ауылдардың айналасында тау болып үйілген, төңірекке шашылған бейберекет қоқыс орындары қаптап барады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Салдарымен емес, себебімен күресу маңызды
Облыс көлемінде жылына 146,5 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналып жатса, соның 62 мың тоннасы Өскеменнің өзінен шығарылып жатыр екен. Екі жылдай бұрын ашылған қаладағы жылдық қуаты 100 мың тонналық тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау зауытында осы 62 мың тоннаның 30 пайызға толар-толмас бөлігі ғана сұрыпталып, өзге қалалардағы қайта өңдеу өндірістеріне жіберіліп жатыр.
Күн өткен сайын қаптап бара жатқан қоқысты өңдеп, кәдеге жаратудан бұрын қала мен даланың қоқыспен ластануының алдын алдын алу, оларды дер уақытында жинап алу өзекті болып тұр.
. Өскемендегі «Алтай» өңірлік технопаркінің «C&T-lab» бақылау – сынау зертханасының өкілдері тұрмыстық қалдықтар мәселесін заңсыз қоқыс орындарын квадрокоптермен есепке алып, картасын жасап, оларды шығарудың жолын жылдамдататын бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы шешуді ұсынып отыр. Зертхана мамандары жасаған «Taza Qala» арнайы ақпараттық порталында тұрғындар QR- код арқылы қалдыққа толып кеткен қоқыс контейнерлері, рұқсатсыз қоқыс орындары туралы шұғыл хабарлап қана қоймай, қайта өңделетін қалдықтарды өткізетін орындар мен оларға берілетін бонустар, ынталандыру акциялары жайлы ақпарат алуына болады.
Швецияда қалай шешілген?
Өскеменде жұмыс істеп жатқан қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешені Қазақстандағы, Орта Азиядағы бірегей кәсіпорын екенін кезінде жазғанбыз. Конвейерлердегі рентген келіп түскен қалдықтарды ажыратып, қоқыстарды шыны, пластик, қағаз, металл... деп бөліп, автоматты түрде сұрыптап отырады. Іріктеуден қалған органикалық қалдықтар қалалық қоқыс полигонына төгіліп жатыр.
Өскеменде осындай өзге қалада жоқ кешенді қоқыс сұрыптау зауыты бола тұра қала тұрғындары, үлкен де, кіші де әлі қоқыс сұрыптауға мән бермей жүр. Өкінішке қарай бізде шетелдегідей сергек сана қалыптаспай келе жатыр. Зауытымыз бар болғанымен, мәдениетіміз жоқ. Коммуналдық мекеме өкілдерінің, экологтардың айтуынша, тұрғындар пластикті бөлек, бөтелке мен шыныны бөлек жинап апарып, арнайы контейнерлерге, «фандоматтарға» салғанның орнына үйлерінен шыққан қоқыс, қалдықтың бәрін бір целлофан дорбаға нығап, көзі үйренген темір контейнерге лақтыра салады. Күн сайын жеміс-жидек, азық-түлік салып әкеліп жатқан қаншама целлофан пакет те соның ішінде кетеді.
Еркін Байболов, «Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС өкілі:
Қалауын тапса қоқыс қуатқа айналып, затқа айналып, кіріс әкеледі. Ол үшін алдымен халық қоқысты ауладағы контейнерлерге сұрыптап тастауды, шашпауды, қоршаған ортаға оның зиянын тигізбеуді ойлауы керек. Швецияда қоқысты дұрыс сұрыптамағандар айыппұл арқалайды екен, ал дұрыс сұрыпталған қоқыс үшін сыйақы беріледі. Мысалы, супермаркеттер, дәріханалар мен жанармай құю бекеттерінде шыны ыдыс, пластик бөтелкелер, шамдар мен ұсақ электрониканы қабылдауға арналған құрылғылар орнатылған. Шведтер сұрыпталған қоқысты сол қабылдау құрылғыларына тастауы керек. Содан кейін олар батырманы басу арқылы аз мөлшерде ақша алады немесе оны қайырымдылыққа жұмсайтын көрінеді. Швециядағы бөтелкелердің 90%-ы дәл осылай жиналады. Шведтерге үлкен заттарды – жиһаз немесе құрылыс материалдарын тастауға ыңғайлы болу үшін билік қабылдау бөлімдерін жабдықтаған. Ол жерлерде компоненттерге бөлінетін қоқысты тауар өндірушілер сатып алады екен.
Ғарыштан анықтап жатыр
Облыс орталығындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды ««Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС мен «Өскемен тазалық» мекемесі жинап отыр. Қалада 150 ден астам қалдық жинайтын алаң бар.
Өскемен қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандары қаладағы қалдық жинаушы коммуналдық мекемелер контейнерлері мен қалдық жинау техникаларын жаңалап жатқанын айтады.
«Қазақстанның «Байтақ» жасылдар» партиясы облыстық филиалында өткен тұрмыстық қатты қалдықтар мәселесін талқылауға арналған отырыста филиалдың атқарушы хатшысы Алмаз Жакишев аймақтағы қалдықтар проблемасын шешуде Өскеменде тиімді жобаларды жүзеге асыру, жергілікті мемлекеттік органдар мен жауапты тұлғалардың, тұрғындардың бірлесе қимылдауы маңызды екенін атап өтті.
Соңғы жылдары қала сыртындағы, ауылдардың маңындағы рұқсатсыз қоқыс орындары «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясымен ғарыштық мониторинг арқылы анықталып жатыр. Әкімдіктерге анықталған қоқыс орындарын жоюға сілтеме мен ұйғарымдар жіберілуде. Былтыр облыс аумағында рұқсат етілмеген жерге үйілген 286 қоқыс орны анықталып, 217-сі жойылыпты.
Сала мамандарының пікірінше, Жер-анаға, жұртқа қоқыстың зардабы тимес үшін қоқысты шашпаудың, оны сұрыптаудың маңызын түсіндіруді балабақшадан, мектептен бастап, елдің экологиялық санасын арттыру қажет.
Ал, экологтар қатты тұрмыстық қалдықтар нарығын дамытуды ынталандыру мақсатында осы салада жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлердің, мекемелердің осы бизнеске деген қызығушылығын арттырып, оларға салықтық жеңілдік сияқты түрлі қолдаулар көрсетілсе, бизнестің бәсекелестік ортада жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалса дейді. Өйткені елімізде қалдық өңдеушілерге, жинаушыларға деген мұндай қолдаудың жоқтығы да қоқысқа деген немқұрайлы көзқарастың басты себебі болып отыр.