Жаңа Бұқтырма кентіндегі ауыз су сапасы бақылуда

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желі беттерінде Алтай ауданы Жаңа Бұқтырма кентінің тұрғындары ауыз судың сары-қоңыр түске айналғанын жарыса жазып, сапасына шағымданды.
Ақпарат жарияланғаннан кейін жергілікті экологтар оқиға орнына барып, судан сынама алған, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.
"Тепловодоцентраль" КМК директоры Айдарбек Ермековтың айтуынша, Серебрянск пен Жаңа Бұқтырмада судың түсі өзгергені рас. Бірақ, ол алғашқы рет емес, жыл сайын көктемде солай қайталанатын көрінеді.
Екінші су сорғыш-сүзгіш станция бастығы Елена Лихоманова экологтардың ұсынысымен суды хлорлау мөлшері артатынын атап өтті. Ол аудандағы эпидемиологиялық жағдайдың алдын алу және тұрақтандыру үшін өте маңызды.
Сонымен қатар сумен жабдықтау және су бұру учаскелерінің аттестатталған химиялық-бактериологиялық зертханасының қызметкерлері қазіргі уақытта ауыз су сынамаларын сағат сайын алып отырған көрінеді.