Елде ана құрсағындағы ұрыққа ота жасала бастады

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі
Қазақстанда 150-ге жуық операция жасау жоспарланып отыр.
Қазақстандық дәрігерлер алғаш рет ұрықтың патологиясы мен даму ақауларын түзету арқылы ұрыққа операция жасай бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ақпараты бойынша, феталдық (құрсақішілік) операциялар перинаталдық нәтижелерді жақсартуға және балалардағы мүгедектікті азайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан үшін феталдық хирургия - медицинаның жаңа бағыты. Жобаны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі AYALA қайырымдылық қорының қолдауымен іске асыруда.
Медицина қызметкері күні қарсаңында Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында Қазақстан мен Ресейдің жетекші мамандарының қатысуымен Қазақстандағы алғашқы құрсақішілік патологияны түзету бойынша практикалық мастер-класс өтті.
Қазақстанда феталдық хирургияны іске қосуға дайындықты Денсаулық сақтау министрлігі екі жыл бойы жүргізді. Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының (Алматы) және UMC (Астана) дәрігерлерінің бригадалары Қазақстанда және шетелде теориялық және практикалық даярлықтан өтті.