Президент қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады
Ақорда
Бүгін, 30 тамызда, Қазақстан халқы еліміздің негізгі заңы – Конституция күнін атап өтуде.
1995 жылы дәл осы күні жалпыхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ата заң – мемлекеттілігіміздің берік тұғыры, еліміздің дәйекті әрі тұрақты дамуының мызғымас кепілі.
– Мемлекет пен қоғам өмірінің негізін айқындайтын Конституцияда азаматтардың мүддесіне, құқығы мен бостандығына айрықша назар аударылған. Сондықтан Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан барлық ауқымды өзгерістің мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту, – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. – 2022 жылғы конституциялық реформаның нәтижесінде жан-жақты демократияландыру үдерісі басталды, саяси жүйені жаңғыртуға жағдай жасалды. Құқық қорғау институттарының және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі көтерілді. Сондай-ақ Конституциялық Сот құрылды. Бұл мекеме қазір елімізде заң үстемдігін орнықтыруға барынша ықпал етіп отыр.
Конституцияның әділ әрі берекелі қоғамның тірегі саналатын заң мен тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы рөлі нығая түсті.
– Азаматтардың негізгі заңымызды құрметтеп, оның талаптарын бұлжытпай орындауы – нағыз отаншылдықтың және жоғары жауапкершіліктің айқын көрінісі. Біз Конституцияда бекітілген қастерлі құндылықтарға сүйене отырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды бірге құратынымызға кәміл сенемін, – деді Президент. – Әр шаңыраққа бақ-береке, толайым табыс тілеймін!
Оқи отырыңыз