ШҚО-да 1 қарашадан бастап блок-бекеттер қойылады
Шығыс Қазақстан облысында 1 қарашадан бастап шектеулер енгізіліп, блок-бекеттер қойылады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Облыстың бас санитариялық дәрігердің айтуынша, өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауының негізгі себептерінің бірі – тұрғындар мен кәсіпкерлердің эпидемияға қарсы шектеу іс-шараларын сақтамауы, сондай-ақ шектес мемлекеттермен жалғасатын жолаушылар мен жүк ағындарының толастамауы.
Осыған байланысты ҚР Үкіметінің келісімі бойынша 2020 жылғы 1 қарашадан бастап ШҚО-ның сыртқы шекараларында блок-бекеттерді енгізе отырып, шаруашылық және өзге де қызмет пен халықтың өмірінің жағдайларына шектеу шаралары енгізіледі.
Қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалда өңір басшылығы Өскемен қаласы мен облыс халқының қалыпты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады. Кәсіпорындар, азық-түлік дүкендері, дәріханалар, банктер, ХҚКО-лар жұмыс істейді. Біз бизнесті енгізілген карантиндік шаралардың салдарынан барынша қорғауға тырысамыз. Коронавирустың таралуына тосқауыл қою үшін карантин талабы күшейтіліп, санитарлық бекеттер орнатылады. Жаңа қаулы жақын арада жарияланады, – деп мәлімдеме жасады облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Тұңғышбаев.
Облыстың бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шыға сала, сайт бетіне жариялаймыз.
Айта кетейік, ШҚО-да бір тәулік ішінде өңір бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырудың 139 жағдайы тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш жалпы республикалық деңгейден асып, 683,6 болды.