KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 3 м/с, З
478.96 533.03 5.22

ШҚО-да 27 мың адам емханаға әлі тіркелмеді

19.10.2020, 07:22 198

Елімізде 15 қыркүйектен бастап тұрғылықты аумағы шегінде медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымын (МСАК) еркін таңдау бойынша жыл сайынғы науқан басталғаны белгілі. Тұрғындарға  15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында қалаған емханасына тіркелуге мүмкіндік берілген.

Алайда Шығыс Қазақстан облысында қыркүйек айындағы жағдай бойынша 27 мыңнан астам адам медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымына әлі тіркелмеген. Сол себепті біз емханаға қалай тіркелуге болатынын тағы бір еске сала кеткенді жөн көрдік.

Тіркелмеген тұрғындар медициналық көмекке қол жеткізе алмай қалмау үшін тұрғылықты жері бойынша емханада немесе ЭЦҚ арқылы электрондық үкіметтің веб-порталында өзінің тіркелу мәртебесін тексеруге тиіс.

Мамандар емхананы тұрғылықты жеріне жақын жерден таңдаған тиімді екенін ескертеді. Бұл жағдайда емхана дәрігерлері қажет болғанда пациенттердің үйіне бара алады. Әсіресе пандемия кезінде бұл мәселе өзінің маңыздылығын көрсетті.

- Медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымына науқан кезінде тіркелген азаматтар медициналық көмекті 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ала бастайды. Жыл аяғына дейін бұрын тіркелген емханасына қаралады.  Өйткені медициналық ұйым алдағы жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әдеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсету туралы қормен  шартқа отыруға тиіс. Тіркелу науқанының қорытындысы бойынша 2021 жылға арналған қаржыландыру жоспарланады. Қор деректер базасының абсолютті дұрыстығына мүдделі, өйткені әрбір тіркелген тұрғын үшін медициналық ұйымдарға ай сайын жан басына шаққандағы қаржыландыру төленеді, – деп түсіндірді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының директоры Ғалымжан Әбілов.

Филиал директорының түсіндіруінше, емханаға бірнеше жолмен тіркелуге болады.

Электрондық үкіметтің www.e.gov.kz веб-порталы арқылы тіркелген  кезде электронды цифрлық қолдың болуы шарт. Денсаулық сақтау бөлімінде «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Емхана пациент туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Операция сәтті өтсе, азаматқа тіркелгені  туралы хабарлама медициналық ұйымның электронды цифрлық қолы қойылған электрондық құжат түрінде беріледі.

Халықтың жекелеген санаттары тікелей емханаға барып,  тіркеле алады. Ол үшін еркін нысандағы өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты беру қажет. Бұл санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қамқоршылар, сондай-ақ қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілер; колонияларда (өтеу орны бойынша) жазасын өтеп жатқан сотталғандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар жатады.

Естеріңізге сала кетейік, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқылы. Жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет. Сақтандыру мәртебесін Электрондық үкімет порталында, Қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив