KZ
Өскемен
+8°
дождь жел 6 м/с, В
488.11 530.09 5.01

Жазушылардың І Пленумы. "Отаршыл елдер тарихымызды жасырып келді"

21.12.2018, 11:24 165

Бүгін Қазақстан Жазушылар одағында «Ұлы даланың жеті қыры және Қазақ әдебиетті» атты жазушылардың І Пленумы өтті. Алқалы жиын барысында елімізге танымал жазушылар мақаласының маңыздылығына тоқталып, бұрмаланып, бүркемеленіп келген қазақ тарихы туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


«Отаршыл үстем елдер өз ұлтымыздың тарихын өзімізден жасырып келді», «Жиырма жеті жыл бойы айтылмаған нәрсе енді айтылмаса тым кеш болады» «Президенттің бұл мақаласы тарихшыларға, әдебиетшілерге үлкен жол ашып отыр» дейді қаламгерлер.


Отаршыл елдер тарихымызды жасырып келді


Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма Төрағасы Ұлықбек Есдәулет:


«Отаршыл үстем елдер өз ұлтымыздың тарихын өзімізден жасырып келді. Жерімізден Алтын адам табылып жатса, «ол скифтердікі, оның қазаққа қатысы жоқ» деді. Сонау совет кезінде Шіліктіден бір емес екі Алтын адам табылғаны белгілі. Бірақ оның атын да, затын да Қазақстанға бұйыртпады. Оның аң стиліндегі алтын әшекейлері Эрмитажда тұр»


«Табылған Алтын адамдардың киімдерінің өзі - зергерлік өнердің шыңы. Бұл деген ұлы мәдениеттің белгісі. Қалалық мәдениеттің тарихымызда болғанын Тараздағы ежелгі құбырдың, Түркістандағы хамам моншаның өзі дәлелдей түседі. Оған Көкшетаудан табылған сүйек конькиді қосыңыз. Қазақ жерінен табылған ежелгі бассүйекке трепанация жасалғанын медициналық ота тарихы туралы кітаптардан кездестірдім. Моңғолдар Шыңғысхан заманынан бері арбаны «қазақ арба» дейді. Бұл не деген сөз? Арбаны ойлап тапқан қазақ деген сөз. Біз өзіміздің жылқыға байланысты түрлі әбзелдерімізді алайық. Үзеңгіні ойлап табудың өзі – сол замандағы үздік прогресс санатында. Қазақ жеріндегі таңбалы тастарда да дөңгелекті арба бейнеленген. Шалбар киюді де Еуропаға апарған біздің Алтайдан шыққан бабаларымыз. Түріктер тоқыма жемпірді қазақ деп атайды. Сұрастырсам, тоқыма өнері қазақтардан келген дейді. Астанадағы бір ұстаның жеке коллекциясында самаурындар ішінен 15-16 ғасырлардағы бірнеше құман-самаурындарды көріп таң қалдым. Кәдімгі үлкен құман, бірақ ішінде су қайнатуға арналған оттығы бар. Демек, самаурынның о бастағы аты мен заты кәдімгі құман болып шықты. Біздің ата-бабаларымыз қаланы да салған, даланы да мекендеген. Міне, сондықтан сол далалар мен қалаларда болған ежелгі мәдениеттердің бәрінің заңды мұрагері біздің еліміз екенін айтудан жасқанбауымыз керек. Құбыр да біздікі, шығыр да біздікі, дөңгелек те өзіміздікі, әңгелек те өзіміздікі»


«Бізде Отырар кітапханасы болған» деп мақтансақ, «ол кітаптар сенің тіліңде болмаған» дегенге дейін барды... Қазақ тарихы өлең-жыр болып тасқа қашалғанымен, оны да өзгеге тиесілі деген түсінік таңылған. Айналып келгенде, мойындалмай келген дүниелерді осы мақала игеруге, меншіктенуге, үйренуге, келешек ұрпаққа өзіміздің тарихы қаншалықты терең ұлт екенімізді танытып, өзге елдерге дәлелдеп, негіздеп беруге жол ашып отыр».


Жылқы ату науқаны


Қазақстан Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қабдеш Жұмаділов:


 «Қазақ дегеніміз – жылқы, жылқы дегеніміз – қазақ. Осыны достарымыз да, отарлаушы жауларымыз да жақсы білген. Компескелеудің алдында Голощекин бастаған отарлаушылар «Қазақты жылқыдан айырмаса болмайды, қазақты жаяу қалдыру керек. Қазақтар сәйгүлікке мініп жүргенде біздің саясатымызды пысқырмайды», деп қазақты жаяу қалдырудың науқанын бастаған. Ол кезде қазақ даласында миллион жылқы болған. Сәбит Мұқанов бір сөзінде «Қазіргі Қазақстандағы жылқы сол кездегі бір Петропавл облысындағы жылқыға да жетпейді» деп еді. Әр аудан мен ауылда мал соятын қасапхана болды. Сиыр мен қойдың етін сойып, Ресейге жөнелтіп отырды. Жылқының етін орыстар жемейді ғой, оны не істейміз дегенде Голощекин «сай-сайға үйіріп қойып атыңдар» деген. Шынында солай болған, бұйрық орындалған, 1928-1929 жылдары еліміз бойынша жылқы ату науқаны жүргізілген. Біз қазақтың ашаршылықтан қырылғанын көп айтамыздағы, жылқының қырғынын айтпадық. Жылқы қырылған соң қазақ жаяу қалды, екі жыл өткен соң ашаршылық басталды. Бәрі алдын-ала жоспарланған. Міне, осы жайттың барлығын президент өз мақаласында қозғаған»


 «Бұл біздің бұрыннан жасқанып, қорқып, біреулердің көңіліне келе ме деп, айта алмай жүрген нәрселеріміз. Демек, президенттің бұл мақаласы тарихшыларға, әдебиетшілерге үлкен жол ашып отыр. Президенттің мақаласын жақсы екен деп қоя салмай, оның әр тарауын көтеріп, шығармалар, ғылыми еңбектер жазу керек деп ойлаймын».


 


Бұрмаланған деректерді қалпына келтіретін уақыт жетті


Жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржекеұлы:


 


«Өзіміздің пікірімізді айтсақ ұлтшыл, теріс пікірлі болдық. Ағаларымыз халық жауы атанды, кейбірі атылды, біз содан қорықтық. Ол үрей әлі бойымыздан кеткен жоқ. «Шыңғысхан түрік емес, ол моңғол» деп еді, ол моңғол болды. Шыңғысхан түрік екен дегендер панисламист, пантүркис болды. Шыңғысханның тарихы Сталиннің тікелей бұрмалауымен жасалған. 1952 жылы «Рашид-ад-дин сборник летописей» деген кітабына алғы сөз жазған И.П. Петрушовский оны ашып айтқан. Шыңғысханның қай жерде өсіп-өнгенінің барлығын әдейі бұрмалаған. Сонда Найман, Керей, Меркіт, Жалайырдың бәрі Шыңғысханның тұсында моңғол тілінде сөйлеген, кейін түркі тіліне көшкен деп, бізді сендіріп келді».


 «Қостанайдан ары жүз шақырымдық жерде Аркайын деген жер бар. «Бұл біздің Арилықтардың, ата-бабамыздың жері» деді орыстар. Қазір Арқайың деген сөз түріктікі екені айтыла бастап еді, олар үнсіз қалды. Дегенімен біздің тарихшылардың бұның барлығы біздің ата-бабамыздікі деген батыл үні естілмейді. Бүкіл Сібір түріктің жері, ол жерде түріктің обалары тоналған. Соның барлығын айтатын заман келді. Бізге президенттің мақаласы жақсы дегенді айта бергеннен гөрі, соған арқа сүйеп өзіміздің тарихымызды, тілімізді бәрін түгендеп алатын заман туды. Жиырма жеті жыл бойы айтылмаған нәрсе енді айтылмаса тым кеш болады».


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив