KZ
Өскемен
+31°
небольшая облачность жел 4 м/с, В
479.83 528.82 5.39

Ұлықбек Есдәулет 60 жасқа толып отыр

7.07.2014, 18:00 377



Биыл көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жерлесіміз Ұлықбек Есдәулет мерейлі 60 жасқа толып отыр. Осыған орай кеше Өскемендегі этноауылдың жазғы сахнасында «Жылқы жылғы жүздесу» атты ақынның шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Ұлағаңмен бірге Шығысқа қазақтың игі жақсылары да ат басын бұрған екен. Ақынның мерейтойына құтты болсын айта келген қонақтардың арасында жазушы Кәдірбек Сегізбаев, ақын Темірхан Медетбек, Ғалым Жайлыбай, күйші-композитор Секен Тұрыс-бек, белгілі тележүргізуші Нұртілеу Иманғалиұлы, Еуразия жазушылар одағының төрағасы, түркиялық Якуб Өмероғлы сынды мәртебелі меймандар бар.

Әкімі ақынын іздеген елдің мәртебесі биік деп жатады халық. Ұлықбек Есдәулетті ең алдымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады.

- Ұлықбек Есдәулет - қазіргі қазақ поэзиясында өзгеше орны бар, шоқтығы биік ақындардың қатарында. Оның өлеңдері Ертістей екпінді де мөлдір, Үлбідей нәзік, Бұқтырмадай буырқанып ағады кейде. Оның шығармаларының кез келгенін алып қарасаңыз да тұнып тұрған тәрбие. Біз осындай ақындарымызбен мақтанамыз. Себебі, ақындар халықтың көкейіндегі дүниені қағаз бетіне түсіріп, ойындағысын жеткізеді. Ұлықбек - ақын ғана емес, драматургия саласында да өзіндік үлесі бар тұлға. Міне, бүгін жерлесіміз асқаралы алпысын тойлап төр Алтайға ат басын тіреп отыр. Бұл - біз үшін үлкен мәртебе. Ендеше Шығыстың ақын перзентіне шығармашылық табыстар тілеймін, алда әлі талай асуларды бағындыруына тілеулеспін. Той тойға ұласа берсін! - деді аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев өзінің құттықтау сөзінде.

Сонау Алматыдан төр Алтайға келген мерейтой иесіне облыс әкімі ақынға лайық сый-сияпат жасады. Ақынға темір тұлпар мінгізіп, иығына шапан жапты. Ақынның жұбайы Бейсенгүлге де оюлы камзол кигізді.

Бұдан кейін сахна төріне көтерілген ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай ақжарма тілегін ақтарды. Досына сиясы кеппеген жыр шумақтарын арнады. Оның айтуынша, Ұлықбек тек қазақтың ақыны емес, ол күллі түркі дүниесі мен тұран әлеміне ортақ тұлға.

Ұлықбек ЕсдәулетҰлықбек Есдәулет

- Ұлықбек үлкен мектепке айналып кеткен ақын. Ол сонау 70-ші жылдардан бері өлең өлкесінде жүрген бақытты ақын, - деді Ғалым Жайлыбай.

Алматыдан ат терлетіп келген ақынның достары сахнаға шығып сөз сөйледі, өлең оқыды, ақынын ардақтап жатқан шығысқазақстандықтарға алғыстарын жаудырды. Сонау Түркиядан келген жазушы Якуб Өмероғлы да сахнаға көтеріліп, Ұлықбек ақынды мерейтойымен құттықтады және ақынның түрік тілінде жарық көрген жыр жинағын сыйға тартты.

Күйші-сазгер Секен Тұрысбеков сахнаға көтерілгенде дүйім жұрт күйшіге үлкен қошемет көрсетті.

- Мен «Ақжауынды» орындасам, қазір ақ жауын құйып кетер, одан да «Көңіл толқынын» орындайын. Жапонияға барғанда «бұл күй қалай аталады?» деп сұрады. Мен «Невада - Семей, Хиросимо - Нагасаки» деп жауап бердім. Күйді орындағанда жыламаған жапон қалған жоқ, қайталап тартып беруімді сұрады, - деді Секен Тұрысбеков.

Тележүргізуші Нұртілеу Иманғалиұлы да сахнаға көтеріліп, игі тілегін жеткізді. Оның айтуынша, әкімі ақынын құрметтеп, осындай мерейтойда елеп-ескеріп жатса, ақын үшін одан артық бақыт болмақ емес. Осы ретте Нұртілеу Иманғалиұлы облыс әкіміне үлкен алғысын білдірді.

Сахна төрінде облыстық Жамбыл драма театрының әртістері дайындаған Ұлықбек Есдәулеттің туындылары арқау болған қойылымдар көрсетілді. «Қара пимадан» көрсетілген үзіндінің өзі жиналған жұрттың көңілін босатып жібергендей. Кеш соңында мерейтой иесі сахна төрінде ағыл-тегіл өлең оқыды. Өлең-жырға шөліркеп қалған ақынның жерлестері Ұлықбек Есдәулетті сахнадан жібергілері келген жоқ. Ақынның құшағын гүлге толтырған олар қайталап өлең оқуын өтінді. «Менің фамилиям», «Бұрышы жоқ үй», «Қолымнан не келеді?» сияқты танымал өлеңдерін кітаптан емес, ақынның өз аузынан есту өлеңсүйер қауым үшін үлкен қуаныш болды.

Дарын Нұрсапаров
суретті түсірген Есімхан Орынбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив