Семей полигонында бағылып жатқан малдың еті мен сүті қаншалықты қауіпсіз?
Семей қаласының әкімшілік аумағына бұрыңғы Семей ядролық сынақ полигонының 840 мың гектар көлеміндегі жері де кіреді. Бұл аумақта бүгінде 200 ге тарта шаруа қожалықтары мал жайып, өнімін алып, пайдаланып, сатып жатыр. Мәселе ел ішіп, жеп отырған сол сынақ алаңының алқабынан алынған мал өнімдерінің қаншалықты қауіпсіз екендігінде болып отыр. Өйткені, талай жылдан бері ауыл шаруашылығына пайдаланып келе жатқан бұл жерлерге әлі күнге дейін экологиялық сараптама жасалмаған. Қай жердің қатты зақымдануға ұшырағаны, қай жерде радиациялық сәулелердің көп шоғырланғаны, қай алқаптың шөбі шабуға жарамды, қай жайылымға мал жаюға болмайтыны туралы ешқандай дерек жоқ. Ал, тірлігі төрт түлікке қарап отырған Саржал өңірінің шаруашылықтарына, халқына малын өргізіп, өсіретін жайылымдық жер ауадай қажет.
Құдайберген Сейілханов, Семей қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
-Шаруашылықтардың малы өсіріліп, өнімі алынып, сатылып жатқан Семей сынақ полигоны аймағындағы жерлерге осы күнге дейін экологиялық сараптама жүргізілген жоқ. Қай алқаптың қатты зақымдануға ұшырағаны, қай жердің аса қауіпті екені, ондай қауіпті ошақтардың қай жерде орналасқандығы, ол жерге мал бағуға болатыны, болмайтыны, шөбін шабуға бола ма, жоқ па, ол әлі анықталған жоқ. Экологиялық сараптама жүргізуге қыруар қаржы қажет. 30 жылдан астам уақыт өтсе де үкімет деңгейінде шешілетін бұл мәселе шешілген жоқ. Шаруа қожалықтары болса осы жерде өндірілген қымызын, сүтін, етін жан-жақтағы жұртқа , Қарағанды, Астанаға дейін өткізіп, сатып жатыр.
Сынақ алаңы аумағында орналасқан Саржал өңірі тұрғындарының, шаруа қожалықтарының малына, шаруашылықтарына жайылымдық жердің қажеттігі жыл сайын, мал басы ұлғайған сайын артып отыр.
Семей ядролық сынақ алаңының жерлерін ауыл шаруашылығына пайдалану мүмкіндігін қарастыру мақсатында 2012 жылы бұл аумақта зерттеу жұмыстары қолға алынып, белгілі бір шарттарды орындай отырып, мал жаюға болатындай жайылымдық жерлер анықталып, Саржал ауылында қоғамдық тыңдау да өткізіліпті. Алайда ғылыми зерттеу жұмыстары соңына дейін жеткізілмеген. Бұрынғы сынақ алаңын зерттеу жұмыстары, оның қорытындысы, экологиялық сараптамасы қашан жүргізіліп, жасалатыны, халықтың күпті көңілі қашан жайланатыны әлі белгісіз.