KZ
Өскемен
-3°
пасмурно жел 3 м/с, Ю
491.71 529.97 5.05

Өскеменнің іргесіндегі "қағаз үйлердің" бүгін тағы біреуі жанып кетті

18.10.2018, 09:35 167

Өскемен қаласының іргесінде орналасқан Нұрлы көш ауылындағы қағаз үйлердің бүгін тағы біреуі жанып кетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Бүгін түс ауа  «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынған Шығыс ауылындағы тағы бір үйдің күлі көкке ұшты. Бұл – қаңқасы да қалмай жанып кеткен жетінші үй. Бір шүкіршілігі – адам аман.


Нұрбесік көшесіндегі 39-шы үйде абырой болғанда адам болмаған. Үй иелері жұмыста жүрген.


-Небары 20-30 минуттың ішінде қызыл жалын үйдің төбесін ортасына түсірді. Өрт сөндірушілер келген кезде «болары болып, бояуы сіңген» демекші, жанары жанып, жалыны қайтып қалған еді. Ал, өздері өшіруге құлшынған көрші-қолаңдарды жарқ-жұрқ еткен электр сымдары мен «газ балоны бар» деген үрей маңына жолатпады. Бар көмегіміз үйдін ішінен қолымызға ілінген заттарды алып шығу болды, басқалай мүмкіндік те жоқ болатын, деді өртенген үйдің көршісі Сарқытхан Жұмабек.


Ал жиналған жұрттың біразы үйдің сапасына налып, әлдекімдерді балағаттаса, кейбірі үрейін жасырмады.


«Менің үйім де, тура осылай қағаздан салынған, электр сымдары шатырдың ішінде шашылып жатыр» – десе, енді бірі «келесі кезекте қайсымыздың үйіміз өртенеді екен» – деп салды. Кезегін тосып жүрген сыңайлы. Шарасыздықтан ғой.


Бұл ауылдағы үйлердің электр қуаты 380 вольттық болғандықтан, қарапайым адам тұрғой анау-мынау электриктер жолай бермейді. Бұған дейін өртенген үйлердің екеуі күндіз, біреуі таңда, соңғысы кешке өртенді. Ал, шырт ұйқыда жатқан кезде өртенсе қайтпек? Құдай оның бетін ары қылсын. Соңғы сауал – Шығыс ауылында ең алғашқы жылы салынған 300-ге жуық қағаз үй тұрғындарының ойлағысы келмейтін қорқынышы. Бәріміз үреймен өмір сүріп жатырмыз.


Елбасының «Нұрлы көш» саясатының аясында талай қандас атажұртына ат басын тіреп, отбасын көшіріп әкелді. Соның бірі Өскемен қаласының  кіре берісіне орналасқан- «Шығыс» ауылы. Іргетасы 2010 жылдан бастап қаланған. Осы ауылдағы қандастардың арқасында Өскемен қаласындағы қазақтар санының үлесі 53% -ға өсті.  Жауапсыз мердігерлер  гипсокортонмен салып кеткен қағаз үйлер, қыстың аязына шыдас бермейтіндігін алғашқы жылы-ақ көрсеткен.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив