KZ
Өскемен
+32°
ясно жел 2 м/с, С
467.29 501.03 5.35

ШҚО-да келесі жылы тағы үш қорған қазылады, қаржыландыру екі есе ұлғайтылады

25.08.2018, 10:24 91

Катонқарағайдағы Берел қорғанынан, биыл Тарбағатайдағы Елеке сазынан табылған сенсациялық құнды жәдігерлер біздің ата-бабаларымыздың өмірі мен өркениеті туралы осыған дейінгі  қалыптасып, айтылып келген пікірлерді түбегейлі өзгертіп, мүлде жаңа деректерді алдымызға тартты. Біздің археолог ғалымдарымыз бабаларымыз қола дәуірінде геологиялық зерттеуді меңгеріп, металл өндіріп, оны тұрмыстық қажетке жаратуды өте ерте бастан жақсы білгенін дәлелдеп берді.


Облыста Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында археология саласында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі өңірге іссапармен келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевқа облыстық тарихи-өлкетану мұражайында таныстырылды.


Атап өтсек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында облыстық әкімдіктің «Шығыс Қазақстан облысында 2016-2018 жылдарға арналған археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы» жобасына соңғы үш жылда 430 млн теңге бөлінген. Катонқарағай, Зайсан аудандарындағы Берел, Шілікті қорғандарында, Тарбағатау ауданындағы Елеке сазы қорымында біздің тарихымыздың жаңа көкжиектерін ашатын аса құнды жәдігерлер табылып, сенсациялық жаңалықтар ашылды. Мұражай қоры жаңа жәдігерлердің арқасында сегіз мыңнан аса экспонатпен толығып отыр.


Қонақтарға мұражайдың «Бабалар мұрасы» залында жақында Елеке сазынан табылған біздің заманымызға дейінгі 8 ғасырда өмір сүрген жас сақ жауынгері – өңірден табылған екінші алтын адам таныстырылды. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, бұл біздің заманға дейін тоналмай, барлық заттарымен толық жеткен алғашқы алтын адам.


– Әрине, бұл қорым да тоналған, мына шамамен 17 жастағы жас жігіттің қабірі оң жағында жатқан кішкене қорған болғандықтан, көзге түспеген. Оның мойнындағы алтын алқасы, алтын қанжары, алтынмен безендірілген етігі, қорамсағы, өзге де көптеген алтын заттары бабаларымыздың біздің заманымызға дейін Еуропадан, Азиядан бұрын геологияны меңгеріп, қандай кеннен алтын алынатындығын тани білгендігінің дәлелі. Одан алтын өндіріп, түрлі зергерлік бұйымдар жасаған. Асқан шеберлікпен алтыннан миллиметрлік микроөлшемдердегі әшекейлер соққан, алтынды дәнекерлей білген. Бұл біздің бабаларымыздың қандай жоғары өркениетте өмір сүргенін айғақтайды. Жақында Ресейдің Санк-Петербург, Новосібір қалаларынан антрополог ғалымдар келіп, археолог Зейнолла Самашевпен бірге бұл сақ жауынгерінің астында не жатқанын жан-жақты зерттейтін, көшірмесін қалпына келтіретін болады. Сонан соң алтын жәдігерлер мұражайға тапсырылады. Біз мұнымен тоқтамаймыз, зерттеу жұмыстары келер жылы да жүргізіледі, қаржыландыру екі есе ұлғайтылады. Тағы үш қорғанды қазуды бастаймыз, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.


Мұражайдың өзге залдарындағы Шығыстың бірегей ғажайыптарымен танысқан Мәулен Әшімбаев Шығыста бұл салада атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалап, мұражайдағы жәдігерлер тарихымыздың баға жетпес құндылықтары екендігін атады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив