Аспанда "Есірткіге жол жоқ " әуе шары қалықтады
Шығыс Қазақстан полицейлері Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күнінде Өскемен тұрғындарына есірткі құрдымға кетіретінін ескертіп, ерекше акция өткізді. "Есірткіге жол жоқ" деген жазуы бар 30 метрлік әуе шары облыс орталығындағы Ертіс жағалауында таңертеңнен екі сағаттан астам қалықтап, өзен бойымен серуендеп жүрген қала тұрғындарының назарын аударды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, есірткіге қарсы бағдарлама тек аспанда ғана емес, жерде де жүргізіліп, полиция қызметкерлері тұрғындар арасында салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын парақшалар мен жадынамалар таратты.
Тәртіп сақшылары нашақорлық пен есірткі тарату қазіргі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі екенін және ұлт денсаулығына қауіп төндіретінін атап өтті.
Жыл басынан бері құқық қорғау органдары 19 есірткі қойып кетушісін ұстады, оның сегізі 25 жасқа дейінгі жас. ШҚО полициясы 60 келіден астам есірткі заттарын таратпақ болған қылмыстың жолын кесті.
Сонымен қатар, өткен айда есірткі зертханасы әшкереленді, онда шамамен 100 килограмм синтетикалық есірткі өндіруге болатын прекурсорлар тәркіленді.