KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 2 м/с, З
478.96 533.03 5.22

Жармаға Әзілхан Нұршайықовтың Америкада тұратын ұрпағы келіп қайтты

27.07.2018, 03:21 114

Белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың туған жері Жарма ауданына қонаққа келген ұрпақтарын аудандық білім бөлімінің мамандары, Бірлік орта мектебінің ұстаздары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Есполов сынды ел ағалары құшақ жая қарсы алды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Көркем сөздің хас шебері, том-том кітапты оқырманынына тарту еткен Әз ағаңдай қаламгердің ұл-қызы, немере, шөберелері Қалбатау ауылындағы жазушы атындағы көшені аралап, орталықтағы «Махаббат қызық мол жылдар» кітабының желісімен ашылған аллеяны тамашалады. Қалбатау ауылының орталық саябағындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне қойылған ескерткішке тағзым етті. Қазақ әдебиетінде орны ерен жазушылардың бірі Әзілхан туған ауылдың тұмса табиғатын тамашалаған ұрпақтары киелі Жарма жерінің көркем келбетіне сүйсінгендерін жасырмады. Ұл-қыздары қаламгер әкелеріне туған жерінде құрмет көрсетіп, көз тартар аллеяны ашып отырған жергілікті атқарушы билік өкілдеріне де алғыстарын білдірді.


Бірлік орта мектебіндегі жазушының құрметіне ашылған мұражайды аралап, мектеп оқушыларының жазушы шығармалары бойынша дайындаған әдеби—сазды кешін тамашалады. Білім мекемесінде танымдық-тәрбиелік мәні зор осындай жұмысты атқарып отырған ұстаздар қауымының жұмыстарына сәттілік тіледі. Ә.Нұршайықовтың естелік әңгімелерінде алғаш Халимамен шаңырақ көтеріп, Ақбұзау ауылында тұрғаны, «Семей таңы» газетінің Жарма, Шар, Көкпекті аудандарындағы меншікті тілші қызметін атқарғаны айтылады. Осы орайда қызы Жанар:


-Әкем бізге өзінің туған жері Жарма ауданындағы Бірлік, Ақбұзау ауылдары туралы үнемі айтып отырғандықтан, бұл жерлердің атаулары біздің санамызда жатталған. Ең алғашқы еңбек жолын осы өлкеден бастап, жас отбасы ретінде бірнеше жыл тұрғандарын, ағайын-туыстары туралы естеліктерімен бөлісіп отыратын. Көзі тірі болса ол кісі де туған жерінің топырағына бір аунап-қунап балаша мәз болар еді. Әке естелігін тыңдап өскендіктен де біз ол кісінің туған жеріне арнайы сапарлап келіп отырмыз. Інім Жаннұр Жарма жеріне келіп тұрады. Мен алғаш рет табан тіреп отырмын. Өзім ғана келмей қызымды немерелерімді де ерте келдім,-деп жазушының шөберелерін көпшілікке таныстырды.


 



Бүгінде Америкада тұратын Халима мен Ясмина атты жазушының шөберелері биыл мектеп бітірген екен. Қазақтың жазиралы кең даласына таңдана қараған меймандардың жүзінен қонақжай ауыл тұрғындарына деген ризашылықты аңғардық. әңгіме арасында жазушының туған жеріне келген қос шөбересі болашақта қазақ еліне танымал жазушы аталары туралы естелік жазып, қалам тербегілері келетінін де сөз етті. Ұрпақ сабақтастығы деген осы болар, Әз ағаның туған жеріне табан тіреп, майдангер жазушының балалық шағына куә болған Ақбұзау, Бірлік, Қалбатау ауылына келген жазушы ұрпақтары әкелері туралы әдемі естелік әңгімелерімен де бөлісті.


Қалың оқырман қауымға «Махаббат қызық, мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» сынды көптеген құнды шығармаларын ұлтымыздың мақтанышы Әзілхандай жазушының ұрпағы туған жеріне келіп, тағзым етуі –жармалық жерлестерінің мәртебесін асқақ етері сөзсіз.


Кәусар Арықханқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив