KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 5 м/с, С
443.72 482.28 4.9

Қарсыз қыс, ызғарлы көктем егіннің шығымына кері әсерін тигізбей ме?

6.06.2018, 08:04 144

Қоңыр салқын көктем биылғы егінге қолайсыз тиюі мүмкін деген күдік аракідік айтылып жүр. Соның қаншалықты негізді екенін сала мамандарынан сұрастырдық.


Мамыр мамыражай болмады биыл. Бірде құйын, бірде жаңбыр, тіпті бірді-екілі қар да жауды. Алты ай қысқа үйренген алтайлықтар бұған бәлендей мән бермегенімен, шуақсыз көктем егіннің шығымына кері әсерін тигізеді деген сөздер айтылып жүр.  Мұндай күдіктің таралуына күзде егілген дақылдың бір бөлігі үсіп кетуі де түрткі болған сияқты. Қардың жұқалығы алқаптарға бір метрден астам тоң түсіріп, күзгі дақылдың 5,4 пайызы жарамсыз күйге түскен. Яғни, былтыр күзде  31,3 мың гектар алқапқа күздік тұқым егілсе, соның 1700 гектары түгелдей үсіп кеткен. Тағы 5200 гектар алқаптың жағдайы нашар, 22,9 мың гектардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағаланған о баста.


Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының соңғы деректеріне сүйенсек, жарамсыз боп қалған алқаптың көлемі артыпты. 4,6 мың гектар күздік егін енді көктемейтіні белгілі болып отыр. Бұл бүкіл күздік алқаптың 14,8 пайызы деген сөз. Қарсыз қыс әсіресе Ұлан, Көкпекті, Глубокое, Бесқарағай аудандарына жайсыз тисе керек. Өйткені, жердің тоңы кейбір алқаптарда екі метрге дейін жеткен болатын. Қазір аталмыш аудандарға арнайы комиссия шығып, үсіктен келген шығынды есептеуге кірісіпті.


Үсіктен аман қалған 26,6 мың гектар алқаптың жағдайы да жетісіп тұрғаны шамалы. Мамандар 23,8 мың гектарға егілген дақылдың өну қарқынын «қанағаттанарлық» деп бағалап отыр. Тек 1,8 мың гектар алқап қалыпты қарқынмен көктеп келеді. Тағы 1,1 мың гектар алқаптың өнім бермей қалуы мүмкін деген қауіп тағы бар.


Осыған қарамастан, басқарма мамандарының биылғы егіс маусымына қатысты болжамдары сергек. Күздік егістің мүшкіл халі жалпы шығымға шыбын шаққандай да әсер тигізбейді деп отыр.


Күзгі шығынның орнын жаздық алқапты ұлғайтумен жауып кететіндеріне сенімді олар. Сол үшін биыл 1,357 млн гектар алқапқа тұқым себіледі. Бұл былтырғыдан 40,9 мың гектарға артық.


Кешігіп келген көктем егіс науқанын да кешіктіруде. Күннің қызуына зар болған жер-ана да кеш бусанғандықтан, топырақ қызып үлгермей жатыр. Соның салдарынан науқанның қарқыны былтырғыдан бәсең. Басқармаға күн сайын түсетін деректер бойынша,  жоспардағы дәнді дақыл алқабының 76 пайызына тұқым түскен. Майлы дақылдарда бұл көрсеткіш 94,5 пайыз. Бақша дақылдары 80,3 пайыз алқапқа себілген. Картоп 88,7 пайызға егілген. Ауа райының оңтайлы шағын орайлы пайдалану үшін барлық техника тайлы-тұяғымен егіске шығарылған.


Басқарманың егіншілікке жауапты бөлімінің басшысы Әділет Төлеутаев көктемнің ылғалды өтуі диқандар үшін керісінше қолайлы болатынын айтады.


-Көктемде екі күннің бірінде жауын-шашын болды. Қар аз түскенімен, көктем жауынды өтті. Бұл керісінше егінге қолайлы. Маусым басталғалы күн ашық тұр. Дымқыл топыраққа түскен тұқымның тез көктеуіне бұдан артық жағдай керек емес. Сондықтан, салқын көктем егінді көктетпей тастайды деген әңгіме негізсіз, - дейді маман.


Көктемнің кешігуі ірі қожалықтарға айтарлықтай кедергі келтірмегенімен, орта дәулетті шаруалардың  аяғын тұсап отыр. Мәселе тағы да жанармайда. Министрлік жеңіл бағамен берілетін жанармайды көктемнің үш айына бөлген. Яғни, лимит мамыр айында бітті.  Егіс жұмыстарын тек сәуірдің аяғында бастаған біздің диқандар бұл кезде тұқым алумен әуре болып жатады.


-Лимит бүкіл республикаға ортақ. Меніңше бұл дұрыс емес. Қысы ұзаққа созылатын біздің облысқа оны мамыр-маусым-шілде деп бекіту қажет. Әйтпесе біздің қолымыз жанармайға жеткенше лимит мерзімі бітіп қалады. Одан кейін нарықтағы бағамен жанармай іздеп жүргенің. Оны табудың өзі қиын. «Қазмұнайгазға» қарасты стансалар тек талонмен ғана дизель береді. Ақыры алыпсатарлардан немесе жеке меншік жанармай стансаларынан  қымбатқа алуға тура келеді. Бүгін литрін 171 теңгеден дизель таптым. Сол жеткенше жүгері мен жоңышқа егем. Қалған 200 гектар биыл бос қалатын түрі бар.  Мен сияқты ұсақ қожалықтардың бәрі биыл алқап көлемін қысқартты. Өйтпеске амал жоқ, - дейді «Балке» шаруа қажылығының басшысы Оралбек Тоқашев.


Биылғы көктемнің диқандарға дайындаған «сыйы» осындай. Жер емген жандарға жаздың қалай боларын уақыт көрсетпек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив