Семсерлесушілеріміз Франциядағы жарыстың жүлдегері атанды
Фото: olympic.kz
Шпагамен семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы Францияның Сен-Мор-де-Фоссе қаласында өткен Challenge Monal халықаралық турнирінде тамаша өнер көрсетіп, жарыстың қола жүлдесіне қол жеткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осы ретте, байрақты бәсекеде ұлттық құрама сапында Шығыс Қазақстан облысының екі бірдей спортшысы өнер көрсеткенін айту керек.
Ұлттық Олимпиада комитетінен хабарлағандай, біздің шпагашылар турнирдің жартылай финалына дейін іркілмей жетті. Алайда, жартылай финалда отандастарымыз Франция құрамасына 36:45 есебімен жол беріп қойды.
Есесіне, үшінші орын үшін өткен кездесуде Израиль командасымен шеберлік байқасқан қазақстандық семсерлесушілер қарсыластарын еш қиындықсыз тізе бүктіре білді.
Аталған сында еліміздің намысын Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов пен Ерлік Сертай төрттігі қорғаған. Жоғарыда жазғанымыздай, оның екеуі, яғни Шарлаимов пен Құрбанов – біздің облыстың тумалары. Бұл ретте, осыдан біраз бұрын Қазақстан ерлер құрамасы Париждегі Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алғанын да айтқан абзал.